19.01.2024 | 22:04

Канвон Олимпиадасының алауы жағылды

Санаулы сəттер бұрын Каннын қаласындағы (Оңтүстік Корея) конькимен жүгіру стадионында қысқы спорт түрлерінен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының салтанатты ашылуы рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Барлық талапқа сай келетін, 8 мың адамға арналған арена іс-шара басталысымен сілтідей тына қалды. Әуелі барлық елдің спортшысы сап түзеп шығып, ортаға жайғасты.

Оңтүстік Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёль, Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) президенті Томас Бах бастаған мәртебелі қонақтар қатарында Гала-шоуды тамашалады. Сахнаға шығып сөз сөйлеген Томас Бах былай деді:

«Бұл сендердің уақыттарың. Өздеріңнің алғашқы олимпия ойындарыңда бар күштеріңді салыңдар. Жаңа дос табыңдар. Олимпиада құндылықтарын бойға сіңіріңдер. Өз қарсыластарыңды сыйлай біліңдер. Ереже бұзбаңдар. Осы мүмкіндіктен ләззат алыңдар. Бұл сендер бірге өсіп, мәңгі жарқырайтын кездерің»,-деді ХОК президенті атлеттерге арналған сөзінде.

Ал Юн Сок Ёль ойындарды ресми түрде ашық деп жариялады.

Осыдан соң өткен мемлекеттер шеруінде көк байрақты Ерасыл Шыңғысхан мен Кристина Шумекова асқан байыппен ұстап, ХОК туының маңындағы тұғырға жеткізді. Осы тұста Қазақстан делегациясы барлық 78 елдің ішінде аренаға 57-ші болып кіргенін айта кетейік.

Кеш кезінде Run8 тобы, TripleS тобы, рэпер Ash Island мен Changmo сынды K-pop жанрының жарқын жұлдыздары спортшылар мен жанкүйерлерден ән шашуын аямай, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Барлығы ашылу рәсімін аренада 4500 жанкүйерлер тамашалады. «Купол Ёнпон» атымен де танылған бұл спорт кешені осыған дейін 1999 жылы IV қысқы Азия ойындарының ашылу және жабылу рәсімдерін өткізген.

Кеш аяқталысымен Ерасыл Шыңғысхан туды халықаралық бәсекеде ұстап шығу арманы болғанын жеткізді.

«Бүгінгі ашылу рәсімі өте жақсы өтті. Туды көтеру ол менің арманым деп айтуға болады. Шорт-тректен жарыс ертең басталады. Дайындық өте жақсы. Бізге қолдау көрсетіңіздер, жанкүйерлер»,-деді шорт-трекші Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын 5 спорт түрінен (9 бағдарламада) 41 атлет қорғайды. Жалпы бәсеке барысында 14 пен 17 жас аралығындағы әлемнің 78 елінен келген 1802 спортшы сынға түспек. Мұнда 7 спорт түрінен 15 бағдарламада 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Ойындардың жабылу салтанаты 1 ақпанда «Gangneung Olympic Park» спорт кешенінде болады.

Ертең, алғашқы жарыс күні қазақ атлеттері шорт-трек, биатлон, шаңғымен тұғырдан секіру және хоккейден сынға түсіп, жүлдеге таласады. 

Қазақстан құрамасының спортшылары:

Ойындардың ашылу рәсімін мына жерден көре аласыздар.

Суреттердің авторы - Нұрғали Жұмағазы/ Сали Сабиров.

 

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес