23.03.2023 | 11:24

Ханчжоудағы Азия ойындарында 42 спорт түрінен жүлде сарапқа салынады

Биыл біздің спортшылар үшін жылдың басты бәсекесі Азия ойындары екені анық. Жер шарындағы халықтың басым бөлігі мекендейтін сары құрлықтың жазғы Олимпиадасы белгілі себептеге байланысты бір жылға шегерілгенін білесіздер. XIX жазғы дода биыл 23 қыркүйек пен 8 тамыз аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Бұл елде сары құрлық Олимпиадасы осыған дейін 2 мәрте - Бейжің (1990 жылы) мен Гуанчжоу қаласында (2010 жылы) болған. Қазақстан 1990 жылғы сынға делегация жіберген жоқ. Ал 2010 жылы біздің спортшылар 18 алтын, 23 күміс пен 38 қола медальге (79 жүлде) қол жеткізіп, жалпы есепте 5-орын алған.

Ханчжоудың бәсекені қабылдайтыны 2015 жылғы 16 қыркүйекте Түркіменстан астанасы Ашхабадта өткен Азия Олимпиада Кеңесінің (OCA) ассамблеясында ресми түрде жарияланды.

2020 жылдың аяғында ойындар бағдарламасына киберспорт пен брейк-данс қосылып, спорт саны 42-ге жетті. Оның 28-і олимпия ойындарының бағдарламасына кіреді. Алғашқысы 2018 жылғы Джакартада демонстрация ретінде өтсе, кейінгісі келесі жылы Париж Олимпиадасының бағдарламасында бар.

Осы  бәсекелер үшін қала басшылығы 51 жарыс алаңын дайындап жатыр. Бұл қатарда 14 жаңа кешен салынады. Көптеген спорт түрінен жарысты Ханчжоу қабылдайды. Ал кейбір жарыстар Дэцин, Цзиньхуа, Нинбо, Шаосин мен Вэньчжоу сынды шағын қалаларда да болады. Кешенді жарысқа OCA кеңеске тұрақты мүше 45 елдің Ұлттық Олимпиада комитеті делегация жіберетінін айтқан.

Ойындардың Конгконг, Ляньлянь мен Ченчен атты 3 бойтұмары бар. Олардың ортақ есімі «Цзяннани жайлы естелік». Ал ойындардың ресми ұраны «Жүректен жүрекке @Future». Бұл слоган 2019 жылғы 15 желтоқсанда ресми ашылуға 1000 күн қалғанда айтылды. Осы арқылы ұйымдастырушылар Азия ойындары құрлықтағы барлық ел арасындағы байланысты әспеттеуге тырысқан.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес