10.12.2023 | 14:07
Бөлісу:
Михаил Шайдоров Challenger санатындағы шешуші жарыста жүлдегер атанды
Мәнерлеп сырғанаудан Ұлттық құрама көшбасшысы Михаил Шайдоров Хорватияның Сисак қаласында өткен дәстүрлі Golden Spin of Zagreb-2023 бәсекесінде күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Ол қос жаттығудың нәтижесінде 235.29 ұпай жинады. Қысқа бағдарламадан кейін 3-сатыға тұрақтаған Михаил еркін жаттығуда жинақы өнер көрсетіп, эстониялық Александр Селевконы (224.24 ұпай) артта қалдырды. Ал бас жүлде Қытай спортшысы Цзинь Боянның (258.67 ұпай) еншісінде кетті. Айта кетейік, бұл жарысқа биыл барлығы 29 мемлекеттен 96 атлет жиналды.
Осыған дейін қазақ спортшыларынан Golden Spin of Zagreb турнирінде марқұм денис Тен 3 мәрте жеңіске жеткенін айта кетейік. Отандасымыз 2009, 2014 және 2015 жылы Хорватиядағы «Zlatna pirueta Zagreba» (Golden Spin of Zagreb) турниріне барып, керемет өнер көрсетіп, 1-орын алған. Ал 2015 жылы тағы бір отандасымыз Элизабет Тұрсынбаева аты аталған турнирдің күміс жүлдегері атанған.
Golden Spin of Zagreb-2023 осы маусымда жоспарланған ISU-дың Challenger сериясындағы шешуші 9-турнир саналады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: