18.03.2024 | 08:47

Қазақстан құрамасы каратэден Түркияда 2 алтын, 3 қола жеңіп алды

Анталья қаласында WKF каратэден ересектер арасындағы Karate1 Premier League - Antalya 2024 турнирі аяқталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Әлем рейтингінде әр салмақтың үздік 32 (ТОП-32) спортшы ғана бақ сынайтын ауқымды жарысқа 60 елден үздік 400-ге жуық татами шебері жиналды. Бұл қатарда Қазақстан құрамасының 14 каратэшісі бар.

Кумите бағдарламасында 50 келіге дейінгі салмақта қатысқан Мөлдір Жаңбырбай финалдағы қарсыласы Венесуэла өкілі Салазар Йоргелистің жарақат алып, шықпауына байланысты мерзімінен бұрын жеңімпаз атанды.

Ал 55 келіде сынға Бэлла Самашева жарыстағы барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, алтын олжалады. Бұған қоса, Токио Олимпиадасының жүлдегері Софья Берульцева ширек финалда португалиялық Рита Оливейраны ұтып, жартылай финалда германиялық Книр Йоханнаға есе жіберді. Қола үшін шайқаста Англия спортшысы Софья Рошель Уолтерстен басым түсті. Есеп: 8:6.

Сондай-ақ 2023 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпионы Әсел Қанай мен Азия ойындарының чемпионы Нұрқанат Әжіқанов ел қоржынына қола кезекті қола медальді салды.

«Халықаралық жарыстарда Қазақстанның әнұранын шырқату үшін көп күш жұмсайсың. Мен бақыттымын, бүгін бірінші орын алдым. Спортшының тұғырға шығып, қолын жүрегінің тұсына қойып, өз елінің әнұранын орындау үлкен бақыт. Осы кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мені қолдаған әрбір жанға алғыс білдіремін! Алға Қазақстан!», - деді Мөлдір Жаңбырбай Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Суреттердің авторы - Жазира Нұртаева.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес