19.04.2022 | invalid

Қазақстандық балуандардың қарсыластары анықталды

Ертең Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда күрес түрлерінен Азия чемпионаты басталады. Сары құрлықтың таңдаулы балуандары 24 сәуірге дейін кім мықтыны анықтайды. Ал бүгін жеребе тарту рәсімі өтіп, кімнің-кіммен күш сынасатыны анықталды.

Чемпионатты грек-рим күресінің шеберлері бастайды. 55 келіде іріктеуде ирандық Әли Насер Нұрбахш пен Арджуна Халакурки (Үндістан) жекпе-жегінің жеңімпазы ширек финалда қазақстандық Аманғали Бекболатовпен сынға түспек.

60 келіде ел намысын қорғайтын Ернұр Фидахметов ширек финалда кореялық Ханджэ Чунгпен күреседі. Бұл жұптың жеңімпазы жартылай финалда Жоламан Шаршенбеков (Қырғыз) пен Балжынням Цевенравдан (Моңғолия) арасындағы мықтымен ақтық сын жолдамасын сарапқа салады.

Бәсекені бірден ширек финалдан бастайтын спортшымыздың бірі тәжірибелі Мейрамбек Айнағұлов (63 кг). Оған 22 жастағы сириялық Ахмад әл-Накдали қарсылас атанады. Мейрамбек осыған дейін 5 Азия чемпионатына қатысып, бір күміс, екі қола медаль жеңіп алған.

Ал 2019 жылғы құрлық бәсекесінің финалисі Мейіржан Шермаханбет 67 келі салмақтың ширек финалында үндістандық Сачин Сахраватпен белдеседі. Бұл салмақта 4 дүркін Азия, 2017 жылғы әлем чемпионы кореялық Хансу Рю басты фаворит.

72 келідегі отандасымыз Абылайхан Әмзеев алғашқы жекпе-жегін жапониялық құрдасы Сёго Такахашиге қарсы өткізеді. Екі спортшының жасы 28-де.

Құрамадағы көшбасшының бірі Мақсат Ережеповтің ширек финалдағы қарсыласы (77 кг) Саджан (Үндістан) болмақ.

24 жастағы қазақстандық Дияс Қален (82 кг) ширек финалда Батзул Дамжин я болмаса Мухаммадкодир Расуловпен күш сынасады. Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) алғашқы жекпе-жегінде Ким Джинхёкпен күреседі. Ал Санжар Серікқан (97 кг) жас боз кілем иесі Мунхбаяр Цогтбаярға қарсылас атанды. Аса ауыр салмақта өнер көрсететін Әлімхан Сыздықова (130 кг) қырғызстандық Роман Киммен кім мықтыны анықтайды.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес