28.08.2023 | 17:29

Қазақстандық грэпплинг шеберлері әлем чемпионатында керемет нәтиже көрсетті

Грэпплингтен Қазақстан құрамасы Варшавада өткен жастар мен ересектер арасындағы әлем чемпионатында ауыз толтырып айтарлық нәтиже көрсетті. 21-24 тамыз аралығында Польша астанасы Варшавада ерлер мен әйелдер арасында грэпплингтен әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге 31 мемлекеттен 800-ден астам атлет қатысты, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Еліміздің Ұлттық құрама алғаш рет грэпплинг ги бағдарламасында жалпы есепте 1-орын алды. Ерлер құрамасы АҚШ, Польша, Украина және Франция командаларын артта қалдырды.

Ал грэпплинг бөлімінде ерлеріміз тек АҚШ құрамасына жол беріп, екінші орынды иеленді. Отандастарымыздан Адлан Мадаев пен Самат Айтпанбет алтын жүлдеге ие болды. Нұрбек Талбудин, Талғат Жиентаев және Бекзат Қапашов финалда қарсыласына есе жіберді. Әйелдер құрамасы да жоғары нәтижемен ерекшеленді. Атап айтар болсақ грэпплинг ги бөлімінде Шынар Өзбекова, Ботакөз Елдосқызы және Жанна Каскинованың қола медалінің арқасында 2-орын алды.

Ұлттық құрама барлығы 15 медаль жеңіп алды, оның ішінде екі алтын, үш күміс және он қола.

Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатында 1-орынға ие болды

Грэпплингтен Қазақстанның жастар құрамасы Варшава қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында өнер көрсетіп, 48 медаль жеңіп алды. Қазақстандық балуандар грэпплинг бөлімінде және грэпплинг ги бөлімінде ешкімге дес берген жоқ және үшінші жыл қатарынан әлемдік рейтингінде бірінші орын алды. Осылайша, 2021 жылғы Уфада (Ресей) және 2022 жылғы Понтеведрадағы (Испания) әлем чемпионатының табысын қайталап отыр.

ҚР Грэпплинг қауымдастығының президенті Қанат Алин қатысушыларды халықаралық аренада ойдағыдай өнер көрсетуімен құттықтап, қазақстандық жастар 24 алтын, 13 күміс және 11 қола медаль жеңіп алғанын атап өтті.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес