17.03.2023 | 14:05
Бөлісу:
Жанат Түсіпбеков Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті қызметіне сайланды
Бүгін Астана қаласында Қазақстан ауыр атлетика федерациясының сайлау конференциясы өтіп, Жанат Түсіпбеков федерация президенті қызметіне қайта сайланды.
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Мұхамед Хасан Джалуд әл-Шаммари мен барлық өңірдегі осы спортқа жауапты келген өкілдер қатысқан жиында Жанат Түсіпбековтің кандидатурасын федерация мүшелері (26 адам) бірауыздан қолдады.
Жиында сөз алған Сейсен Құранбек ауыр атлетика елімізде жолға қойылған, айтулы нәтижелерімен танылған сспорт екеніне назар аударды.
«Біздің ауыр атлеттер Азия ойындары, Олимпиада сынды ірі бәсекелерде тарихи нәтижеге қол жеткізген білеміз. Бүгінде 25 мыңнан астам қазақстандық осы спортпен тұрақты шұғылданады. Бүгінгі сайлау конференциясының маңызды екенін Мұхамед Хасан Джалуд әл-Шаммари мырзаның арнайы келіп, қатысып отырғанынан байқауға болады. Бәріміз бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыс істесек алдағы жарыстарда жақсы көрсеткішке жете аламыз. Ауыр атлетика – кешенді жарыстарда біздің елімізге бірнеше медаль алып келетін спорт»,-деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі.
Осымен 3-рет осы қызметке сайланған Жанат Түсіпбеков саладағы ахуалдан хабардар екенін, проблемаларды шешуге барын салатынын айтты.
«Бүгін маған сенім білдіріп қайта сайлағандарыңыз үшін көп рахмет. Бүгін біз бірігіп, бір мақсатқа жетуді жөн көріп отырмыз. Жақын арада ұйымның құрылымын өзгертуді көздеп отырмыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып Гаджи
Гаджиев пен Илья Ильинді бірге жұмыс істеуге шақырамын. Өйткені, федерация – қоғамдық ұйым және біз қоғам игілігі үшін жұмыс істеуіміз керек. Бүгінде бізде еліміздің ауыр атлетикасын жаңа деңгейге шығару үшін барлық жағдай бар»,-деді.
Жиында сөз алған тағы бір кандидат Илья Ильин осы спорттың дамуына барын салуға дайын екенін жеткізді.
«Кеше кешке дейін сөйлесіп, кеңесіп, ауыр атлетика федерациясының президентті атануға Жанат Рашидұлынан асқан кандидат жоқ деп шештік. Бұл бүкіл команда үшін жақсы шешім. Жанат Рашидұлы 2013 жылдан бері ауқымды жұмыс атқарды, саланы іштей біледі. Бәріңізді бірігіп, проблемаларды бірлесіп шешуге шақырамын»,-деді Илья Ильин.
Айта кетейік, бұл жолы федерация президенттігіне Илья Ильин мен Гаджи Гаджиев үміткер болған.
Жанат Рашидұлы 2013 жылдан 2022 жылға дейін ҚР ААФ басқарған. Оның басшылығымен құрама олимпиадада 8 медаль жеңіп алды (2016 жылы алты, 2020 жылы екі).
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: