27.11.2023 | 12:27
Бөлісу:
Ұлттық құрама Италиядағы Әлем Кубогында 5 медаль жеңіп алды
Италияның Базельга-ди-Пине коммунасында конькимен жүгіруден жастар арасындағы Әлем Кубогының алғашқы кезеңі аяқталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Екінші жарыс күні Ұлттық құрама спортшылары тағы 2 медаль жеңіп алды. Атап айтар болсақ, Инесса Шумекова нео-сеньеорлар (21 жасқа дейінгі жастар) арасында 500 метр қашықтықта алдына жан салмай, 39.98 секунд уақыт көрсеткішімен алтыннан алқа тақты. Одан кейінгі сатыға белгиялық атлет Фрэн Ванхутт (40.17 секунд) жайғасты. Осы бағдарламадағы тағы бір отандасымыз Маргарита Артемьеваға (40.50 секунд) қола жүлде бұйырды. Ал Мария Кузнецова тоғызыншы, ал Алена Лифатова 10-орыннан көрінді.
Кеше Қазақстан қоржынына 3 жүлде түскен. Нео-сеньор дивизионында мың метрге жарыста Инесса Шумекова қола медаль алды. Ол қашықтықты 1:21.08 секундта жүгіріп өтіп, тағы бір Ұлттық құрама спортшысы Арина Ильященкодан озып кетті. Мұнда Серена Пергер (Италия) алтыннан алқа тақса, Фрэн Ванхутт (Бельгия) күміс медаль жеңіп алды.
Embed from Getty Images Embed
Ал жастар арасындағы командалық сында еліміздің əйелдер құрамасы күміс медаль жеңіп алды. Əпкелі-сіңлілі Кристина жəне Алина Шумекова, Мария Деген үштігі тек Нидерланд спортшыларына жол берді. Сосын, нео-сеньор дивизионында Қазақстан əйелдер құрамасы 2-сатыдан көрінді. Жарыс жолына Маргарита Артемьева, Арина Ильященко мен Алена Лифатова шықты.
Жалпы алғашқы кезеңге 26 мемлекеттен 165 спортшы жиналды. Ең көп делегация Польша (15 спортшы) мен Оңтүстік Кореяда (14 спортшы).
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: