04.02.2023 | 17:31

Алина Дауранова Германиядағы Әлем Кубогының 3-кезеңін жеңіспен бастады

Германияның Инцелль қаласында конькимен жүгіруден жастар арасындағы Әлем Кубогының 3-кезеңі өтіп жатыр. Бүгін әйелдер арасында 1000 метрге жарыста отандасымыз Алина Дауранова топ жарды. Күміс медальді Нидерланд спортшысы Пьен Херсманға бұйырса, қоланы итальян Серена Пергер мойнына тақты.

Бұл 3 спортшы былтыр Финляндияның Сейняйоки қаласында өткен Әлем Кубогының алғашқы және 2-кезеңінде 500 және 1000 метрде жүлдені дәл осылай өзара бөліскен.

Бүгінгі жеңістің арқасында Алина Дауранова мың метрге жарыста жалпы есепте жеңімпаз атанды. Еншісінде 174 ұпай. Ал әйелдер арасында қалған қашықтықтың бәрінде Нидерланд спортшылары ешкімге дес бермеді. Мысалы, Джейд Грюневуд (1500 және 3000 метр), Пьен Херсман (500 метр), Хлоя Хугендорн (масс-старт).

Ал ерлер арасында 1000 метрде Никита Важенин де жалпы есепте топ жарды. Оның еншісінде 3 кезеңде жинаған 129 ұпай бар.

Инцелль қаласындағы 3-кезең 5 ақпанда аяқталады. Спортшылар осыдан кейін дәл осы қалада 10-12 ақпанда болатын жастар арасындағы Әлем чемпионатында бақ сынайды.

Конькимен жүгіруден жастар арасындағы Әлем Кубогы жайлы толық ақпаратты мына жерден таба аласыздар.

Жалпы Германиядағы байрақты бәсекеге 28 елден 218 спортшы қатысып жатыр. Қалған қазақстандық спортшылардың нәтижесін мына жерден көре аласыздар.

 

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес