09.10.2023 | 11:16

Ар-Риядтағы Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарының басталуына 10 күн қалды

Он күннен кейін Сауд Арабиясының астанасы Ар-Риядта Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындары басталады, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Халықаралық спорт федерацияларының жаһандық қауымдастығы (GAISF) бұл жайлы 2021 жылы жариялаған еді. Қазір Сауд Арабиясының Олимпиада және Паралимпиада комитеттері дайындықтың соңғы жұмыстарын пысықтап жатыр.

Бұл кешенді жарыстың (World Combat Games) тарихы 2010 жылдан басталады. Алғаш рет Қытайдың астанасы Бейжіңде өткен ойындарда спорттың 13 түрінен үздіктер анықталған. Одан кейін араға 3 жыл салып кезекті Санкт-Петербург қаласы алып, 15 спорттан 135 жүлде жиынтығының иегерлерін анықтап берген.

Осыдан соң біршама уақыт бойы үшінші ойындарды ұйымдастырудың реті түспеді. Жан-жақты келіссөздерден кейін Тайбэйге сол мүмкін берілгенімен, кейінге шегерілді. Ал IV бәсеке 2021 жылы еліміздің бас қаласы Астанада өтуге тиіс болған. Алайда пандемияға байланысты әлем атлеттері бұл сында бақ сынай алмады.

Бесінші жарыстың ұйымдастыру жұмысын биыл Сауд Арабиясының Корольдігі өз мойнына алып, 80-нен астам 1700 спортшысын жинайды.

Ар-Риядтағы ойындар бағдарламасында 16 спорт түрі бар. Бұл қатардағы дзюдо, таеквондо, күрес, семсерлесу мен бокс олимпиадалық спорт түрі.

Сондай-ақ айкидо, армрестлинг, джиу-джитсу, каратэ, кендо, кикбоксинг, тай боксы (муай-тай), самбо, сават (француз боксы), сумо, ушу бар.

Осы уақытқа дейін дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында 77 мемлекеттің спортшысы жүлде алған. Қазақстан жалпы есепте 1 алтын, 3 күміс және 5 қола медальмен 37-орынды Гонконг және Сербиямен бөлісіп тұр.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес