16.09.2023 | 22:34

Азамат Дәулетбеков пен Өсімжан Дастанбек әлем чемпионатының қола жүлдесіне таласады

Бүгін Сербия астанасы Белградта күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Париж Олимпиадасының 90 жолдамасы сарапқа салынатын доданы еркін күрес шеберлері бастады. Алғашқы жарыс күні бозкілемге Ұлттық құрама сапынан Өсімжан Дастанбек (61 кг), Санжар Досжанов (70 кг), Азамат Дәулетбеков пен аса ауыр салмақтағы Юсуп Батырмурзаев шықты.

Былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Азамат Дәулетбековтің жолын жартылай финалда тағы Токио Олимпиадасының жеңімпазы, 2 дүркін әлем чемпионы Давид Тейлор кесті. Қазақстандық палуан бүгін алғашқы айқаста литвалық Домантас Павлюченконы, 1/8 айналымда ресейлік Арслан Багаевты, сосын ширек финалда франциялық Рахим Магамадовты таза ұтқан. Енді Азамат ертең жұбаныш белдесуінде жеңіске жеткен атлетпен қола медальді сарапқа салады.

Қалған қазақстандықтар алғашқы айналымнан ары аса алмады. Дегенмен бұл қатардағы Өсімжан Дастанбектің әлі жүлде және Олимпиада жолдамасы үшін таласатын мүмкіндігі бар. Ол үшін отандасымыз Стилиан Янчикті (Болгария), жапониялық Кодаи Огаваны, сосын қола жүлде үшін айқаста қырғыз Тайырбек Жумашбек уулын жеңуі керек.

Сондай-ақ ертең еркін күрес шеберлерінен Мейрамбек Қартбай (57 кг), Нұрқожа Қайпанов (74 кг), Болат Сақаев (79 кг) пен Ризабек Айтмұхан (92 кг) сынға түседі.

Жалпы Сербия астанасындағы палуандар додасы 24 қыркүйекте мәресіне жетеді. Осы аралықта 77 мемлекеттен жиналған 1000-ға тарта спортшы кім мықтыны анықтайды. Есіңізге сала кетейік, былтыр 10-18 қыркүйек аралығында күрестен дүниежүзі чемпионаты Белградтағы дәл осы Štark Arena спорт кешенінде өткен. Ол кезде Қазақстан құрамасы сапынан Жәмилә Бақбергенова (күміс), Азамат Дәулетбеков (қола), Айдос Сұлтанғали (қола) жүлдеге қол жеткізген.

Суреттің авторы – Шамкен Байырбек.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес