20.04.2022 | invalid

Азия чемпионатының 2-күні: 5 балуанымыз да жүлдеге таласады

Күрес түрлерінен Азия чемпионатының екінші жарыс күні өтіп жатыр. Күндізгі сессия қорытындысы бойынша 3 балуанымыз финалға шықса, екеуі қола межаль үшін күреседі.

60 келіде ел намысын қорғайтын Ернұр Фидахметов ширек финалда кореялық Ханджэ Чунгтен басым түскенімен, жартылай финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жоламан Шаршенбековке (Қырғыз) есе жіберді. Қазақстандық спортшы бозкілем иесі Балжынням Цевенравданмен (Моңғолия) қола медальді сарапқа салады.

МЕЙІРЖАН ХАНСУ РЮДІҢ 3 ЖЫЛДЫҚ ҮСТЕМДІГІН ТОҚТАТА АЛА МА?

Грек-рим күресінен 2019 жылғы құрлық бәсекесінің финалисі Мейіржан Шермаханбет (67 кг) бірінші жекпе-жегінде үндістандық Сачин Сахраватты таза ұтты (8:0). Содан кейін жартылай финалда өзбек Махмуд Бахшиллоевты жарты жолда қардырды (6:3). Енді қазақстандық балуан финалда басты фаворит – 4 дүркін Азия, 2017 жылғы әлем чемпионы кореялық Хансу Рюмен күш сынасады. 34 жастағы Хансу Азия чемпионатында ирандық және жапондық балуанды жеңген.

АБЫЛАЙХАН ФИНАЛДА ҚАРҚЫНЫ ҚАТТЫ ИРАНДЫҚПЕН КҮРЕСЕДІ

72 келідегі отандасымыз Абылайхан Әмзеев алғашқы жекпе-жегінде жапониялық құрдасы Сёго Такахашиді қиналмай ұтты. Ақтық сын жолдамасы сарапқа салынған жекпе-жекте кореялық Джиен Ли айтарлықтай қарсылық көрсеткен. Алайда қазақстандық есептегі басымдығын ұстап қалды. Кешке Абылайхан шешуші айқаста ирандық Мұхаммед Реза Ходжатолла Мохтаримен кім мықтыны анықтамақ. Мұхаммед Реза алдыңғы екі кездесуді мерзімінен бұрын аяқтаған.

ҚАЗАҚСТАН-ИРАН АРАСЫНДАҒЫ ЕКІНШІ ДУЭЛЬ

Қазақстандық Дияс Қален (82 кг) алтын жүлдені тәжірибелі ирандық Расул Садег Гармсиримен сарапқа салады. 24 жастағы Диас әуелі  өзбекстандық Мухаммадкодир Расуловты, сосын жапониялық Юя Окадзиманы таза ұтты. Ал Расул Садег катарлық және үндістандық балуаннан басым түсті.

Ал Санжар Серікқан (97 кг) жас боз кілем иесі Мунхбаяр Цогтбаярты мерзімінен бұрын ұтқанымен, екінші кездесуде өзбекстандық Рустам Ассакаловқа дәл солай жол берді. Енді жапониялық Такахиро Цуруда екеуі қола жүлде иегерін анықтайды.

Қазақстан құрамасы бірінші күннің қорытындысы бойынша бір алтын, үш күміс, бір қола медальмен жалпы есепте көш басында тұр.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес