07.08.2023 | 11:05
Бөлісу:
Азия ойындары: Волейболшылардың қарсыластары анықталды
23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін XIX жазғы Азия ойындарында ел намысын қорғайтын волейбол құрамаларының қарсыластары белгілі болды.
Жеребе бойынша еліміздің әйелдер құрамасы D тобында Жапония, Гонконг пен Ауғанстанмен бірге ойнайды. Қалған 3 себетте 3 құрамадан. 2018 жылғы ойындарда 11 мемлекеттің әйелдер командасы өнер көрсетіп, бас жүлде Қытайға бұйырған. Бір қызығы, олар барлық қарсыласты тек 3-0 есебімен ұтып шыққан. Ал Қазақстан арулары В тобында Тайвань, Үндістаннан басым түсіп, Вьетнам, Қытай мен Оңтүстік Кореядан ұтылып қалған. Жалпы есепте 5-орын.
Ерлер арасында сары құрлық Олимпиадасында барлығы 19 құрама сынға түседі. Отандастарымыз А тобында жарыс қожайыны Қытай және Қырғыз Республикасының ойыншыларымен кім мықтыны анықтамақ.
Алдыңғы, яғни Джакартада болған Азиадада 20 елдің ерлер командасы бақ сынап, ирандықтар қарсыластарына бірде-бір сетте жол бермей, чемпион атанған еді. Қазақстан ол кезде С тобында Мьянма мен Жапонияға есе жіберген. Жалпы есепте 17-орын.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: