05.07.2022 | invalid
Бөлісу:
Баскетбол: Қазақстан ерлер құрамасы Әлем Кубогына іріктеудің 2-кезеңіне өтті
Баскетболдан Қазақстан ерлер құрамасы 2023 жылы өтетін Әлем Кубогына іріктеудің 1-айналымындағы соңғы ойында Бахрейннен жеңіліп қалды. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде болған ойынның есебі – 51:62 (24:29, 5:28, 10:12, 12:13).
Матчтың үздік ойыншылары: Дмитрий Гаврилов - 10 ұпай, Олег Балашов - 10 ұпай, Рүстем Мырзағалиев- 9 ұпай.
Бұған қарамастан Ұлттық құрама D тобында 1-орын алып, іріктеудің 2-айналымына жолдама алды. Енді біздің баскетболшылар 12-24 шілде аралығында Индонезияда өтетін Азия Кубогына дайындалады. Осыдан кейін 2-іріктеу айналымының кездесулері өтеді. Бұл жолда 25 тамызда өз алаңымызда Қытай, ал 29 тамызда түзде Жапония құрамасымен шеберлік байқасамыз.
Естеріңізге сала кетейік, сәуірде іріктеудегі алғашқы ойында Қазақстан түзде Бахрейнді 48:95 есебімен ойсырата жеңген еді. Жалпы оған дейін екі құраманың жолы тек бір-ақ рет түйіскен. 2013 жылы Филиппинде өткен Азия чемпионатының топтық кезеңінде Қазақстан жеңісті овертаймда жұлып әкеткен болатын. Есеп: 79:76. Қазір біздің құрама Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) рейтингінде 68-ші, Азияда 10-орында тұр. Ал Бахрейн FIBA-да 106-шы, сары құрлықта 21-ші сатыда.
Іріктеудің 1-айналымына шолу:
Айта кетейік, былтыр 31 тамыздағы жеребе қорытындысы бойынша Азиядағы 16 құрама Әлем Кубогына берілер жолдаманы сарапқа салу үшін 4 топқа бөлінді. Назарларыңызға D тобындағы Қазақстан құрамасының ойындар нәтижесін ұсынамыз:
2021 жылғы 26 қараша - Қазақстан vs Сирия - 84:74
2021 жылғы 29 қараша - Сирия vs Қазақстан - 71:81
2022 жылғы 24 ақпан - Иран vs Қазақстан - 69:73
2022 жылғы 27 ақпан - Бахрейн vs Қазақстан - 48:95
2022 жылғы 1 шілде - Қазақстан vs Иран - 68:60
2022 жылғы 4 шілде - Қазақстан vs Бахрейн.
Іріктеудің 2-айналымы қалай өтеді?
Енді әр топта соңғы орын алған құрама бұл айналымға өтпейді. Ал қалған 12 құрама (топта 1-3 орын алғандар) 2 топта бөлінеді. Сөйтіп бір-бірімен (үйде-түзде) қайта ойнайды. Матчтар биыл тамыз бен қарашада және 2023 жылғы ақпанда өтеді деп жоспарланған. Айта кетейік, 1-айналымда кездескен құрамалар қайтадан бір топқа түскенімен бұл жолы қайта ойнамайды.
Басты бәсеке жайлы
Баскетболдан 2023 жылғы Әлем Кубогы – Халықаралық баскетбол федерациясы ұйымдастыратын ерлер арасындағы 19-шы әлем чемпионаты. Бәсекені 25 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында бірден 3 мемлекет – Индонезия, Жапония мен Филиппин өткізеді. Осымен әлем чемионы атағы 2-рет жаңа жүйе бойынша сарапқа салынбақ. 2019 жылғы жеңімпаз Испания құрамасы. Қазақстан құрамасы осыған дейінгі – 2019 жылғы Әлем Кубогына іріктеуде топта 2-орын алып, 1-айналымынан өткенімен, 2-айналымда 5-сатыдан көрініп, финалдық кезеңге қатыса алмады.
Айта кетейік, «Спортты дамыту дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының серіктестері – «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен SportQory қамқоршылық қоры.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: