16.07.2022 | invalid

Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік қызметкерлері Спартакиадада топ жарды

Бүгін Петропавл қаласында жергілікті атқарушы органдағы мемлекеттік қызметкерлер арасындағы Спартакиада мәресіне жетті. Үш күн бойы 16 өңірден келген 700-ге жуық азамат 7 спорт түрінен өзара шеберлік байқасып, күш сынасты. Назарларыңызға нәтижесін ұсынамыз.

Барлық 7 спорт түрі - шағын футбол, волейбол, қазақ күресі, үстел теннисі, суда жүзу, тоғызқұмалақ пен бильярдтан ұпай санын қосқанда жалпы есеп мынадай:

1-орын - БҚО (128,5 ұпай)

2-орын - Ақтөбе облысы (128 ұпай)

3-орын - Павлодар облысы (123,5 ұпай)

4-орын - Түркістан облысы (122 ұпай)

5-орын - Атырау облысы (120 ұпай)

Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік қызметкерлері жеңіске жетті. Ал 2-орынға Ақтөбе облысы табан тіресе, Павлодар облысы жүлдегерлер қатарын қорытындылады.

Енді жекелеген спорт түрлеріндегі көрсеткішке тоқталамыз.

ВОЛЕЙБОЛ

Павлодарлық мемлекеттік қызметкерлер волейбол Спартакиада жеңімпазы атанды. Олар аса тартысты өткен финалда Түркістаннан келген әріптестерінен 2:1 есебімен басым түсті. Ал БҚО қола медаль үшін ойында Жетісу облысы командасын 2:0 есебімен жеңді. Бестікті Алматы облысынан үстем түскен Ақтөбе түйіндеді.

ҚАЗАҚ КҮРЕСІ

74 келіге дейінгі салмақта атыраулық Бекбол Әбуов чемпион болды. Жетісу облысының намысын қорғаған Арман Тайбағаров күміс алса, Ердос Амантай (Қарағанды облысы) мен Абзал Мұсабай (Алматы облысы) қола жүлдеге қол жеткізді.

Екінші, 90 келіге дейінгі салмақта елордадан келген Олжас Исаханов барлық белдесуде қарсыласын ұтты. Іргелес Ақмола облысының балуаны Игілік Успановке күміс медаль бұйырды. Тұғыр биігінің 3-сатысына Нұрсұлтан Шәмшиев (Алматы облысы) пен Самат Копчикбаев (Жетісу облысы) көтерілді.

Аса ауыр салмақта (+90 кг) Жетісу облысы ауданы, Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Ермек Досалбаев топ жарды. Атыраулық Қуанышбек Қазыбеков екінші орынды місе тұтса, Ержан Тұрғанбаев (Маңғыстау облысы) пен Ұлыбек Мағауин (Ақтөбе облысы) 3-сатыдан көрінді. Жалпы командалық есепте Жетісу облысы 1-ші, Атырау облысы 2-ші орын алды.

Осы тұста СҚО, Тимирязев ауданындағы Целинное ауылдық округінің әкімі, 56 жастағы балуан Айдар Қалижановты ерекше атап өтуге болады. Ардагерлер арасында самбо мен қазақ күресінен ел чемпионы атанған спортшы қола медаль үшін күрескенімен, Ержан Тұрғанбаевқа есе жіберді.

СУДА ЖҮЗУ

50 метрге брасс әдісімен жүзуде ерлер арасында Бағжан Әділбек (Жамбыл облысы) жеңіске жетті. Қостанайлық Ерлан Латыпов күміс, ақтөбелік Айдын Өтемұратов қола жүлдегер атанды. Ал әйелдер арасында қарағандылық Римма Каримоваға тең келер мемлекеттік қызметкер табылмады. Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Наталья Польянова екінші, атыраулық Гүлмира Қазбаева үшінші орын алды.

Еркін стильде 50 метрге жүзуде Наргиз Супалдиярова (Атырау облысы) алтын алса, Әсел Сейфулина екінші (Ақмола облысы), Салтанат Алтынбаева (Шымкент қаласы) үшінші орыннан көрінді. Ерлер арасында Ғалымжан Ахметов (Ақмола облысы) топ жарса, Айрат Қарамурзин (Қарағанды облысы) күміс, Асқар Ақбасов (Нұр-Сұлтан қаласы) қола медаль алды.

Шалқалай жүзуде (50 метр) ақмолалық Роза Құлбаева мәреге бірінші келсе, Гүлжанар Бақтиярова (Ақтөбе облысы) мен Райгүл Мендекеева (СҚО) кейінгі орында қалды. Ерлерден Арданат Қаратай жеңіске жетті (БҚО). Күміс жүлде Нұрлан Сердалинге (Ақмола облысы), қола медаль Серік Нуркоға (Павлодар облысы) бұйырды. Жалпы есепте Атырау облысы ешкімге дес бермесе (99 ұпай), Қарағанды облысы (95 ұпай) екінші, СҚО (93 ұпай) үшінші болды.

БИЛЬЯРД

Екі күнге созылған, 14 облыстың командасы қатысқан бильярд бәсекесінде түркістандық мемлекеттік қызметкерлері қарсылас шақ келтірмеді. Шымкент қаласының командасы финалда ұтылса, Ақтөбе үшінші орын үшін болған ойында Петропавлдан басым түсті.

Айта кетейік, Спартакиадаға жиналған мемлекеттік қызметкерлер бильярдтың құрамдастырылған пирамида түрінен шеберлік байқасты. 14 команда екі-екіден 7 топқа бөлінді. Кейін жеңіске жеткендері 2-күні плей-офф арқылы жарыс көркін қыздырды. Ереже бойынша әр командада 3 ойыншы ойнаса, тағы бір ойыншы резервте болды.

ҮСТЕЛ ТЕННИСІ

Үстел теннисінен ерлер арасында Ақмола облысы, Астрахан ауданы, Есіл ауылды округінің әкімі Евгений Овчинников жеңімпаз атанды. Күміс медаль Қостанай облысынан келген Алмат Ғапбасовқа, қола Нұрболат Садырбаевқа (БҚО) бұйырды. Ал әйелдер арасында осы спортпен ұзақ жылдан бері тұрақты шұғылданып келе жатқан жамбылдық Айгүл Нұрпейісова оза шапса, Қарлығаш Байысова екінші (Павлодар облысы), Жанна Ищанова (Қостанай) 3-орын алды. Жалпы командалық есепте Қостанай облысының қызметкерлері жеңсе, одан кейін Павлодар мен Ақтөбе облыстары тұрақтады.

ШАҒЫН ФУТБОЛ

Шағын футболдан Қостанай облысының мемлекеттік қызметкерлері финалда Батыс Қазақстандағы әріптестеріне еш мүмкіндік бермей, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Ал жергілікті СҚО командасынан басым түскен Нұр-Сұлтан қаласының футболшылары қола медаль иегері атанды.

Сондай-ақ футболдан жекелей номинация бойынша үздіктер марапатталды.

Үздік сұрмерген - Арман Туктамышев (Қостанай облысы)

Үздік қақпашы - Жалғас Бақтығалиев (БҚО)

Үздік қорғаушы - Александр Астахов (СҚО)

Үздік шабуылшы - Сәкен Әбдешов (Нұр-Сұлтан қаласы)

Үздік ойыншы - Болат Бақытжанов (Қостанай облысы)

Fair Play жүлдесі – Алматы облысы.

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ

Ал ақыл-ойдың ұшқырлығын паш ететін тоғызқұмалақ ойынынан тартыс соңғы сәтте мүлде қызы түсті. Ұпайы бірдей Түркістан мен Павлодар облысының интелектуалдары соңғы 6-турда барын салды. Ұзаққа созылған ойында Павлодардан келген ойыншылар жеңісті жұлып әкетті. Ал жалпы командалық есепте Түркістан 2-ші, Атырау 3-орын алды. Ақтөбе мен БҚО бестікті түйіндеді.

Ал жекелей сындағы нәтижелер төмендегідей:

Ерлер, І тақта:

І-орын Әділет Қалмағанбетов (Ақтөбе)

ІІ-орын Мәди Өтегенов (Қостанай)

ІІІ-орын  Әсет Шагиров (БҚО)

Ерлер, ІІ-тақта:

І-орын Ғабит Сапарбеков (Түркістан)

ІІ-орын Ренат Аубакиров (Павлодар)

ІІІ-орын Нұрберген Өтегенов (Атырау)

Әйелдер ІІІ-тақта:

І-орын Гүлнара Пірімбетова (Шымкент)

ІІ-орын Жанна Қамыржанова (Павлодар)

ІІІ-орын Жаннұр Хамитова  (Атырау)

Жалпы тоғызқұмалактан жарысқа еліміздің 15 өңірінен, атап айтқанда Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетысу, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан 50 жуық  спортшы қатысты.

Спартакиаданың бас төрешісі – Асқар Қадыров.

Бұл Спартакиаданың мақсаты – өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, оларды спортқа тарту, спорттың бұқаралық сипат алуына жағдай жасау. Ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті. «Спортты дамыту дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының серіктестері – «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен SportQory қамқоршылық қоры.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес