30.03.2023 | 13:16

Бендиден Ұлттық құрама Швециядағы әлем чемпионатына қатыстып жатыр

Швецияның оңтүстігіндегі Векшё қаласында Оби елді мекенінде допты хоккейден 42-ші Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Биыл 4 жыл үзілістен кейін ұйымдастырылған бәсекеде алғаш рет ерлер мен әйелдер қатар өнер көрсетіп жатыр. Осыған дейін екеуі бөлек өткен.

А тобына Швеция, Норвегия, АҚШ, Финляндиямен бірге түскен бендиден Қазақстан ерлер құрамасы жүлде үшін таласады. Бұл командалар әуелі бір-бірімен ойнап шығады. Нәтижесінде 1-ші және 2-орын алғаны финалда бас жүлдені сарапқа салса, одан кейінгі 2 құрама қола жүлдеге таласады.

Қазақстан құрамасы алғашқы турда Финляндияға есе жіберді (1-8). Ойында қазақстандықтардан жалғыз голды Самат Аманшиннің пасынан кейін капитан Рауан Исалиев соқты. Енді бүгін отандастарымыз АҚШ-пен ойнайды. Сосын, Норвегия (31 наурыз), соңғы турда басты фаворит Швециямен күш сынасады. Ерлер мен әйелдер арасындағы барлық жүлдегер 2 сәуірде белгілі болады.

Қазақстан құрамасының тізімі:

Қақпашылар – Бержан Ахметжанов пен Вячеслав Горчаков.

Ойыншылар - Еламан Әліпқалиев, Ершат Амангелдиев, Нұрбол Бөкешов, Ескендір Нұғманов, Петр Грибанов, Денис Максименко, Болат Мұхит, Дәурен Оралов, Антон Свешников, Никита Яров, Самат Аманшин, Қуаныш Теміралин, Сұлтан Қадыржанов, Евгений Медведев, Максим Утибалиев;

Жетінші жүлде бұйыра ма?

Бендиден еліміздің ерлер құрамасы 21 рет әлем чемпионатына (алғаш рет 1995 жылы) қатысқан. Осы аралықта 6 мәрте қола жүлдеге ие болды. Атап айтар болсақ, 2012-ден 2015 жылға дейін үздік үштіктен түспеді. Жалпы допты хоккейден дүниежүзі чемпионаты елімізде 2012 жылы Алматы қаласындағы «Медеу» мұз айдынында өткен.

Бірнеше күн бұрын В тобындағы ойындар аяқталды. Мұнда 6 құрама сынға түсіп, Мажарстан құрамасы финалда қосымша уақытта Германияны 2-1 есебімен ұтты. Бұл топтағы қалған құрамалар мынадай: Словакия, Швейцария, Чехия, Нидерланд.

Әйелдер арасында 6 құрама жиналды. Швеция, Финляндия мен АҚШ мықтылар ретінде өзара жеңімпазды анықтаса, Нидерланд, Швейцария мен Украина В тобына түсті. Мұнда басты фаворит – алаң иелері. Швеция осыған дейін өткен 11 әлем чемпионатында 10 рет чемпион атанған.

Айта кетейік, 28 наурызда басталған әлем чемпионаты 2 сәуірде аяқталады. Бұл спорт тарихындағы ең олжалы құрама – Ресей (26 дүркін чемпион) биылғы әлем чемпионатына қатыспайды.

 

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес