04.12.2022 | invalid

Богдан Лукин семсерлесуден Әлем Кубогының жеңімпазы атанды

Бүгін Өзбекстан астанасы Ташкентте семсерлесу мен қылыштасудан жастар арасында Әлем Кубогының кезеңі басталды. Ерлер арасында семсерлесу сынында Богдан Лукин чемпион атанды. Бәсекені бірден 1/32 кезеңнен бастаған Богдан өзбекстандық Зафар Сидиковты 15-8 есебімен ұтты. Сосын эстониялық Маркус Салм (15-11) мен жартылай финалда мысырлық Юссеф Шамельді (15-7) жеңіп финалға шықты. Алтын үшін таласта тағы бір жарыс қожайыны Мейірхан Тимуровтан 15-12 есебімен басым түсті.

Сонымен қатар бұл жарыста бақ сынаған Георгий Тинников 7-ші, Ғабиден Мұстафин 8-орын алды. Ал Алексей Кассаткин 13-ші, Александр Федотов 15-ші, Нұрлыбек Ахметнаби 19-ші, Михаил Кузьмин 36-шы сатыдан көрінді. Жалпы бұл бағдарламада 10 елден келген 76 спортшы жүлдеге таласты.

Қыздар арасында 6 қазақстандық өнер көрсеткенімен, ешқайсы медаль жеңіп ала алмады. Ең жақсы нәтижені София Ақтаева (7-орын) көрсетті.

Ертең командалық сайыс өтеді. Онда Қазақстан ерлер құрамасы жартылай финал жолдамасын Өзбекстанмен сарапқа салады. Жеңгенін Мысыр құрамасы күтіп тұр. Ал еліміздің қыздар құрамасы жартылай финалда Түркиямен семсерлеседі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес