26.10.2022 | invalid
Бөлісу:
Бокстан Азия чемпионаты – Амманда ел намысын кімдер қорғайды?
Əйелдердің ізін ала Иордания астанасы Амманда өтетін бокстан Азия чемпионатында бақ сынайтын Қазақстан ерлер құрамасы белгілі болды, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Қазір Қайрат Сəтжанов шəкірттері Алматы облысының Бәйтерек ауылындағы орталықта оқу-жаттығу жиынын өткізіп, шешуші жекпе-жектерге дайындалып жатыр. Тура 10 күн бұрын басталған бұл жиын 28 қазанда мəресіне жетеді. Дәл сол күні Ұлттық құрама Иорданияға аттанады. Осы тұста кей салмақтарда бəсекелестік өте жоғары болғаны сонша, кімнің баратынын анықтау қиындай түсті. Мәселен, бапкерлерге 63,5 келіде «Елорда Кубогы» халықаралық турнирінің жүлдегерлері - Мұхамедсабыр Базарбай ұлы, Санатəлі Төлтаев пен Сұлтан Мусин арасынан тек біреуін таңдауы керек болды. Ал 75 кг дейінгі салмақта ел чемпионы Нұрқанат Райысқа тəжірибелі Тұрсынбай Құлахмет пен жас та болса көзге түсіп жүрген Тимур Нұрсейітов пен Диас Нұржігітов тегеурінді қарсылық көрсетті.
Бүгін барлық сұраққа жауабын тауып, Амманда жұдырықтасатын боксшылар тізімі шықты:
48 кг – Санжар Ташкенбай. Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, жастар арасында Əлем жəне Азия чемпионы, былтырғы ел біріншілігінің жеңімпазы. Астана қаласының өкілі. Жеке бапкері – Нұржан Насанов.
51 кг – Сəкен Бибосынов. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Əлем чемпионы. Түркістан облысының өкілі. Жеке бапкері – Мырзағали Айтжанов.
54 кг – Махмұд Сабырхан. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Əлем чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасында Азия чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері. Шымкент қаласының өкілі. Жеке бапкері – Ілияс Оралбеков.
57 кг – Серік Теміржанов. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Əлем чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасында Азия чемпионы. Павлодар облысының өкілі. Жеке бапкері – Азамат Мақажанов.
60 кг – Саматəлі Төлтаев. Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, жастар арасында Азия чемпионы, Қазақстан Спартакиадасының жеңімпазы. Маңғыстау облысының өкілі. Жеке бапкері – Мақсат Бақтыбазаров.
63,5 кг – Санатəлі Төлтаев, Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, жастар арасында Азия чемпионы, ересектер арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері. Маңғыстау облысының өкілі. Жеке бапкері - Мақсат Бақтыбазаров.
67 кг – Дулат Бекбауов. Спорт шебері, ел чемпионы. Жамбыл облысыны өкілі. Жеке бапкері – Нұрлан Ақүрпеков.
71 кг – Асланбек Шымбергенов, Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, Дүниежүзілік əскери ойындардың жеңімпазы. Жамбыл облысының өкілі. Жеке бапкері – Ермек Ертаев.
75 кг – Нұрқанат Райыс, Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, Қазақстан чемпионы. Атырау облысының өкілі. Жеке бапкері – Нұрлан Айтуаров.
80 кг – Нұрбек Оралбай, Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, жастар арасында Əлем жəне Қазақстан чемпионы. Астана қаласының өкілі. Жеке бапкері – Асқар Еркебаев.
86 кг – Сағындық Тоғанбай, Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, жастар арасында бірнеше дүркін Азия чемпионы, жастар арасында Əлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстан чемпионы. Түркістан облысының өкілі. Жеке бапкері – Мырзағали Айтжанов.
92 кг – Айбек Оралбай. Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, жастар арасындағы Олимпиада жеңімпазы, Қазақстан чемпионы. Астана қаласының өкілі. Жеке бапкері – Асқар Еркебаев.
+92 кг – Қамшыбек Қоңқабаев. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, əлем біріншілігінің финалисі. Қызылорда облысының өкілі. Жеке бапкері – Сейітжан Төкенов.
«Дайындық өте жақсы өтіп жатыр. ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Спортты дамыту дирекциясы мен Қазақстан бокс федерациясының арқасында бəсеке қарсаңында ешқандай қиындық болған жоқ. Бокс елімізде кең танылған, үнемі жанкүйерлер назарында болатын спорт түрі. Алдыңғы құрлық додасының нәтижесін қоғамның қалай талқылап, сынға алғаны əлі есімізде. Дубайда ерлер құрамасы алтынсыз қалғанын білесіздер. Биыл біз есе қайтарғымыз келеді. Мақсат - жалпы есепте көш бастау», - деді Спортты дамыту дирекциясына берген сұхбатында бас бапкер Қайрат Сəтжанов.
Бокстан XXXII Азия чемпионаты 30 қазан мен 13 қараша аралығында өтпек. Ерлер 13, ал əйелдер 12 салмақта кім мықтыны анықтайды. Сары құрлық додасын әдеттегідей Азия бокс конфедерациясы (ASBC) Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ережелерін негізге ала отырып, ұйымдастырады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықБОКСТАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНА БАРАТЫН ҚҰРАМ ЖАРИЯЛАНДЫ
ҚАЗАҚСТАН БОКСШЫЛАРЫ ЖАЛПЫ ЕСЕПТЕ ТОП ЖАРДЫ
САНЖАР-ӘЛИ БЕГАЛИЕВ ӨЗБЕК БОКСШЫСЫН НОКДАУНҒА ТҮСІРДІ
ТӨРЕХАН САБЫРХАН – ЖАСТАР АРАСЫНДА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ