10.08.2023 | 16:37

Будапештегі әлем чемпионатында Қазақстанның намысын 8 жеңіл атлет қорғайды

Он күннен кейін Венгрия астанасы Будапешт қаласында жеңіл атлетикадан XIX әлем чемпионаты жалауын көтереді, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі. Дүниежүзілік додаға 200 астам елдің спортшылары қатысады. Қазақстанның атынан 8 атлет өнер көрсетеді: 

Каролин Чепкоеч Кипкиру – 5000 және 10000 м жүгіру

Дэйзи Джепкемей – 3000 м кедергілермен жүгіру

Надежда Дубовицкая – биіктікке секіру

Кристина Овчинникова – биіктікке секіру

Елизавета Матвеева – биіктікке секіру

Жанна Мамажанова – марафон 42 км 195 м

Галина Якушева – спорттық жүріс 35 км

Давид Ефремов – 110 м кедергілермен жүгіру

Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 8 миллион 498 мың долларды құрайды. Сыйақылар тек жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ғана емес, сонымен қатар үздік сегіздікке енген спортшыларға да беріледі (80, 40, 20, 16, 12, 8, 6 және 4 мың АҚШ доллары). Әлем рекордын орнатқан спортшылар 100 мың доллармен бөлек марапатталады. Жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты 27 тамызда мәресіне жетеді.

Дунай өзенінің жағасында орналасқан Ұлттық жеңіл атлетика орталығы осы әлем чемпионаты үшін арнайы салынған кешен. Құрылысы 2020 жылғы желтоқсанда басталып, биыл жазда пайдалануға берілген стадионның сыйымдылығы 36 мың адам. Алайда алдағы уақытта бұл көрсеткіш 15 мың адамға дейін қысқаруы мүмкін. Жаңа кешендегі алғашқы жарыс жеңіл атлетикадан Мажарстан чемпионаты шілдеде болып, үздіктер іріктеліп үлгерді. 

 

 

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес