20.03.2023 | 22:56
Бөлісу:
Бүгін рингке 4 қазақстандық шықты
Делидегі əлем чемпионатының 5-күні келесі кезең жолдамасы үшін 4 қазақстандық боксшы сарапқа салды. Күндізгі сессияда Жазира Орақбаева (52 кг) мен Мадина Нұршаева (70 кг), кешке Жайна Шекербекова (54 кг) мен Валентина Хальзова (75 кг) күш сынасты.
Алғашқы əлем чемпионатына келген Жазира 2 жекпе-жекпен шектелді. Ол 52 кг дейінгі салмақта үздік боксшының бірі үндістандық Сакши Сакшиден ұтылып қалды.
Жалпы Жазира үшін кездесу қиын өтті. Жанкүйерлер өз отандасына қызу қолдау көрсетті, Сакши де Жазираны сəт сайын шабуылдап, тықсырып, еш мүмкіндік берген жоқ.
Тағы бір қазақстандық Мадина Нұршаева Делидегі алғашқы кездесуде оңтүстік кореялық Чой Хонгёнді сенімді ұтты. Бұл екі ел боксшыларының осы Əлем чемпионатындағы 3-жекпе-жегі. Қуанышымызға орай, біздің боксшылар əлі жол берген жоқ. Мадина 70 кг дейінгі салмақтағы көпке беймəлім қарсылас деуге болады. Қазақстандық спортшы көп қиналмастан келесі кезеңге шықты. Енді ол бразилиялық Барбара Дос Сантоспен сынға түседі.
«Үндістаннан бəріңізге жалынды сəлем. Алғашқы кездесуді бапкерім екеуміз жоспарлағандай Жақсымбетов өткіздім. Жақсы тактика құрып, кореялық боксшының көсіліп жұмыс істеуіне мүмкіндік бермедім. Бəрінен бұрын былтыр Аммандағы Азия чемпионатында кеткен есемді қайтардым. Соған қуанып тұрмын», -Мадина Нұршаева.
Кешкі сессияда əлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері Жайна Шекербекова Үндістандағы 2-жекпе-жегінде өзбекстандық Нигина Рустамованы ұтып, әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды. Қазақстандық боксшы техникасы мен күшін қатар қолданып, ұпай қорын молайтып отырды.
Естеріңізге сала кетейік, бес жыл бұрын Жайна Шекербекова осында өткен әйелдер арасындағы бокстан 10-шы Әлем чемпионатында финалға дейін жеткен. Жайна жартылай финал жолдамасын колумбиялық Йени Марсела Ариас Кастанедамен кездеседі.
Күннің əдемі нүктесін осы салмақтағы басты фаворит Валентина Хальзова қойды. Олимпиада бағдарламасына кіретін 75 кг дейінгі салмақта сынға түсетін Валентина Делидегі әлем чемпионатында алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Жарысты 2-айналымнан бастаған қазақстандық бүгін венесуэлалық Мариэлис Ирисаға ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Мамандардың пікірінше, жекпе-жек толық Хальзованың басымдығымен өтті. Бұл таблодағы қорытынды нәтижеден де көрініп тұрды. Келесі қарсыласы түркиялық Элиф Гюнер.
Үндістан астанасы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын осымен 3-рет қабылдап жатыр. Қазір мұнда 60 елден келген 300-ден астам таңдаулы спортшы жүлдеге таласып жатыр. Чемпиондар Халықаралық бокс қауымдастығынан 100 мың, күміс медаль иегерлері 50 мың, қола 25 мың АҚШ долларын алады. Қазақстан құрамасы барлық 12 салмақта спортшы алып барған. Бəсекені бастан-аяқ Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықБОКСТАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНА БАРАТЫН ҚҰРАМ ЖАРИЯЛАНДЫ
ҚАЗАҚСТАН БОКСШЫЛАРЫ ЖАЛПЫ ЕСЕПТЕ ТОП ЖАРДЫ
САНЖАР-ӘЛИ БЕГАЛИЕВ ӨЗБЕК БОКСШЫСЫН НОКДАУНҒА ТҮСІРДІ
ТӨРЕХАН САБЫРХАН – ЖАСТАР АРАСЫНДА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ