17.06.2023 | 21:09

Данияр Шамшаев пен Асқар Нарқұлов Qazaqstan Barysy Grand Slam бәсекесінде қола жүлде жеңіп алды

Дзюдодан Қазақстан құрамасы Астанада өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысының 2-күні қос қолаға қол жеткізді. Жеңіс тұғырының үшінші сатысына 73 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Данияр Шамшаев пен Асқар Нарқұлов көтерілді.

Кіші финалда Данияр Шамшаев отандасымыз Жансай Смағұловтан басым түсті. Нәтижесінде, Данияр Шамшаев қола жүлдеге ие болса, Жансай Смағұлов жарысты бесінші орынмен аяқтады. Ал дәл осы салмақта екінші қолаға иелік еткен Асқар Нарқұлов грузиялық Гранд Слэм чемпионы Джорджи Терашвилиді жеңді.

Екі спортшымыз да бүгінгі жарыста төрт кездесу өткізіп, үшеуінде жеңімпаз атанды. Данияр Шамшаев Еуропа Кубогінің чемпионы Олин Вальтери (Финляндия), Гранд Слэм чемпионы Джорджи Терашвилиді артта қалдырып, тек үшдүркін Гранд Слэм чемпионы және финалда осы жарыстың жеңімпазы атанған Махмадбек Махмадбековке (INA) есе жіберді.

«Мен үшін бүгінгі жарыста қола жүлде үшін белдесу өте қиынға соқты. Себебі мен кіші финалда өзіміздің ағамыз Жансай Смағұловпен белдестім. Екеуміз үнемі бірге жаттығамыз, бір-біріміздің қыр-сырымызды өте жақсы білеміз. Белдесуге шығар алдында «кім ұтса да, бастысы медальді қазақ алады» деп, ең бастысы жарысты жарақатсыз аяқтау туралы ойладық.

Себебі алда маңызды жарыстар бар, мәселен, бір жылдан кейін Олимпиада ойындары күтіп тұр. Осы ойымызды жүзеге асыра алдық.

Бұл елімізде өткен жарыстарға екінші рет қатысуым. Әрине, өз үйіңде белдесу өте үлкен жауакершілікті талап етеді. Артыңда өз халқың тұр. Бірақ керемет сезім. Жанкүйерлер айқайлап, қолдап жатқанда күшің арта түскендей болады. Барша жанкүйерге алғысым шексіз. Ертең де келіп, балуандарымызға қолдау көрсетулеріңізді сұраймын!», - дейді Данияр Шамшаев.

Ал Асқар Нарқұлов Оливер Шорт (Ұлыбритания), Шахрам Ахадов (Өзбекстан) және Акила Гьякова (Косово) сынды азулы қарсыластарын жеңіп, жартылай финалда тек Адам Стодольскиге (Польша) есе жіберді.

«Бұл жарысқа мен көп дайындалдым, біраз жарыстарға барып тәжірибе жинадым. Бүгін жемісін көріп отырмын. Гранд Слэмдегі алғашқы медалім, әрі қарай осы боймен күміс, алтындарды да аламын деген үміттемін. Менің бұл жарысқа қатысуым белгісіз еді. Жақында өткен Спартакиадада жеңімпаз атанып, бапкерлердің шешімімен Гранд Слэм қатысушыларының тізіміне ендім. Бүгін күрескен қарсыластарымның барлығымен бірінші рет кездесіп тұрмын. Ең қиын белдесу өзбек балуанымен болды. Ол жарыстағы рейтингте бірінші тұр. Оны жеңген соң өз өзіме сенімділігім арта түсті. Финалға шығуыма да болатын еді, өзім қателік жіберіп алдым. Ал қола үшін күресте бапкеріміз Нұрбол Сүлейменов жақсы тактика қойып берді, соның арқасында алғашқы жүлдеме қол жеткіздім», - деп тәмәмдады Асқар Нарқұлов.

Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысының екінші күнгі нәтижесі бойынша, Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс және екі қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 42 ел ішінде екінші орында тұр.

Естеріңізге сала кетейік, турнирдің алғашқы күнінде Мағжан Шамшадин (60 кг) чемпион атанып, Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) күміс жүлде жеңіп алған болатын. 18 маусымға дейін жалғасатын жарыс елорда төріндегі «Барыс Арена» спорт кешенінде өтіп жатыр.  

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес