28.05.2022 | invalid
Бөлісу:
Дәурен Абаев Халықаралық пауэрлифтинг федерациясының президентімен кездесті
Алматы қаласындағы пауэрлифтингтен Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін байрақты бәсекені тамашалауға ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев барып, Халықаралық пауэрлифтинг федерациясының (IPF) президенті Гастон Параж мырзамен кездесті.
Екі жақты кездесу барысында Гастон Параж елімізде пауэрлифтингтің қарқынды дамып келе жатқанына ерекше тоқталды. Осыдан соң өзі IPF президенті қызметіне кіріскен 10 жылдың ішінде ең жоғары деңгейлі чемпионат Алматы қаласында өтіп жатқанын атап өтті. Сөз соңында биыл қазан-қараша айында Нұр-Сұлтан қаласында студенттер арасында пауэрлифтингтен Әлем чемпионатын ұйымдастыруды ұсынды. Өз кезегінде Дәурен Абаев аталған ұсынысты өзге құзырлы мекемелермен талқылап, жауап беретінін айтты.
Сондай-ақ кездесу кезінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Республикалық Спортты дамыту дирекциясының директоры Маратбек Мықтыбеков, Халықаралық пауэрлифтинг федерациясының Атқарушы директоры Роберт Келлер, Азия пауэрлифтинг федерациясының президенті Фарид Сұлтани өзара әріптестік жайын талқылады.
Айта кетейік, 21 мамырда басталған әлем чемпионаты ертең аяқталады.
Бұл додаға 37 мемлекеттен барлық жас көрсеткішінде 584 спортшы тіркелді. Бәсеке 2 бағдарлама бойынша өтіп жатыр.
1. Штанганы жатып классикалық көтеруден 229 ер, 108 әйел бақ сынады.
2. Штанганы арнайы экипировкамен жатып көтеруден 176 ер мен 71 әйел кім мықтыны анықтады.
Ал Қазақстан құрамасы атынан 166 спортшы сынға түсті. Оның 89-ы классикалық, қалған 79-ы экипировкамен штанга көтеруде. Open (ашық) санатында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, 23-ке дейінгі жастар бар. Бұдан бөлек М1, 40-49 арасындағы ардагерлер, М2, 50-59 жас, М3, 60-69 жас, М4, 70-тен асқан спортшылар кіреді.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: