12.05.2023 | 21:00

Дзюдодан әлем чемпионатында Қазақстанға жүлде бұйырмай тұр

Қатар астанасы Дохада дзюдодан әлем чемпионатының алтыншы күні аяқталды. Бүгін Қазақстанның намысын екі спортшы қорғады.

Ерлер арасында Нұрлыхан Шархан (-100 кг) өнер көрсетті. Жарысты екінші айналымнан бастаған отандасымыз алғашқы кездесуде Ұлыбритания өкілі Гарри Ловелл-Хьюитті ұтты. Үшінші айналымда Рио Олимпиадасының финалисі, әлем чемпионатының 6 дүркін жүлдегері - грузин балуаны Варлам Липартелианиді қосымша уақытта тізе бүктіріп, сенсация жасады. Бірақ, ширек финалда екі дүркін Олимпиада және әлем чемпионы - Чехияның аты аңызға айналған балуаны Лукаш Крпалекке есе жіберді. Ал жұбаныш кездесуінде израильдік Европа чемпионы Петер Пальчикпен күресіп, жеңіліс тапты. Осылайша, 23 жастағы Нұрлыхан Шархан әлем чемпионатын 7-орында аяқтады.

«Грузин балуанына қарсы өткен кездесу қосымша уақытқа дейін жалғасып, Golden Score-да 6 минут күрестік. Алдында одан бір рет жеңілген едім. Бүгін есемді қайтардым. Бірақ, көп күш жұмсадым. Ширек финалға дейін уақыт аз болып, дұрыстап тыныға алмадым. Крпалик өте тәжірибелі балуан. Әсіресе партерде күшті күреседі. Сондықтан болар, жеңіске жете алмадым. Ал жұбаныш белдесуіндегі израильдік қарсыласыммен алдында бір рет кездескем. Тактика бойынша оны шаршатып, белдесуді қосымша уақытқа дейін созу керек болатынмын. Бірақ, санаулы секундтар қалғанда өзім әдіске түсіп қалып, қола үшін таласатын мүмкіндікті мүлт жібердім. Бұл менің екінші әлем чемпионатым. Бұл жолы елге медаль сыйлағым келген. Өкінішке қарай, бұйырмады», - деді Нұрлыхан Шархан Спортты дамыту дирекциясының баспасөз-қызметіне берген сұхбатында.         

Әйелдер арасында Аруна Жангельдина (-78 кг) өз өнерін ортаға салды. Бәсекеге екінші айналымнан түскен спортшымыз бірінші кездесуде словениялық Метка Лобниктен жеңілді.

13 мамырда әлем чемпионатының татамиіне бұрымдыларымыздан +78 келіде Камила Берліқаш пен Ақерке Рамазанова, ерлер арасында +100 келі салмақта Ғалымжан Қырықбай шығады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес