08.10.2022 | invalid
Бөлісу:
Елена Рыбакина Остравадағы бәсекенің жартылай финалына шықты
Еліміздің 1-ракеткасы Елена Рыбакина Чехияның Острава қаласында өтіп жатқан WTA-500 санатындағы бәсекенің жартылай финалына шықты. Санаулы сәттер бұрын Елена жарыс қожайыны Петра Квитованы ұтты.
Алғашқы сет аса тартысты өтіп, тай-брейкке дейін жалғасты. Шешуші сәтте Петра допты ойынға қосу кезінде қос қате жасап, қазақстандық теннисшіге басымдықты беріп қойды. Есеп: 7:6 (7:5).
Екінші партияда екі теннисші бірдей келе жатқан. Бұл жолы да тәжірибелі чех спортшысы қателікке бой алдырды. Нәтижесінде Елена Рыбакина келесі кезеңге жолдама алды. Есеп: 6:4.
Бұл Елена мен Петраның арасындағы алғашқы ойын. Осы тұста екеуіне ортақ бір нәтиже бар. Квитова – 2011 және 2014 жылғы Уимлдонның жеңімпазы. Ал Рыбакина болса, биыл Англиядағы мәртебелі бәсекеде топ жарды.
AGEL Open-нің жартылай финалында Елена тағы бір чех 26 жастағы Барбора Крейчиковамен шеберлік байқасады. Екеуі былтыр алғаш рет Аустралияның Мельбурн қаласында кездесіп, ол матч Барбораның пайдасына аяқталды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының ойыншысы Остравада бұған дейін америкалық Мэдисон Киз бен Александра Сосновичті (Беларусь) жеңген.
Еленадан бөлек, Остравадағы турнирде тағы бір қазақстандық Анна Данилина бразилиялық Беатрис Аддад Майя екеуі жұптық сында өнер көрсетіп жатыр. Олар ертең Эрин Рутлиф (Жаңа Зеландия)/Алица Русольска (Польша) дуэтімен ақтық сын жолдамасын сарапқа салмақ.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықWTA FINALS: ЕЛЕНА РЫБАКИНА АРИНА САБАЛЕНКАМЕН ОЙНАЙДЫ
ДЭВИС КУБОГЫ: ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ДАНИЯДАН ЖЕҢІЛІП ҚАЛДЫ