15.05.2022 | invalid
Бөлісу:
Елордада Министр Кубогінің алғашқы жеңімпазы анықталады
22-24 мамыр аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында алғаш рет ұйымдастырылған ҚР Мәдениет және спорт министрі Кубогінің жартылай финалы мен финалы өтеді.
А тобының жеңімпазы мен С тобының үздігі, ал В тобының мықтысы мен D тобының жеңімпазы финалға берілер жолдама үшін таласпақ. Олар:
1-жұп: К.Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Алматы) – Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Қызылорда обл);
2-жұп: Қ.Мұңайтпасұлы атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Нұр-Сұлтан) – Ә.Молдағұлова атындағы спорт интернаты (Қарағанды обл);
Аталған оқу орындарының 2006-2007 жылы дүниеге келген шәкірттері бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрестен шеберлік байқасады. Мамырдың басында, 1-4 күндері өткен топтық кезеңге барлығы 17 команда қатысты. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе мен Тараз қаласында үздікті анықтады.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрінің Кубогі биыл алғаш рет өтіп жатыр. Министр Кубогінің жалпы жүлде қоры 10 миллион теңге. 1-орын алған командаға - 5 млн, 2-орынға – 3 млн, 3 орынға – 2 млн. теңге беріледі.
Бұдан бөлек, төрешілер бокстан – «Үздік техникасы үшін», еркін күрестен – «Жеңіске деген ерік-жігері үшін», дзюдодан – «Үздік әдіс үшін», грек-рим күресінен – «Көрермендердің көзайымы үшін» номинацисында жеңімпазды анықтайды.
Балалар жылы аясында ұйымдастырылып жатқан кешенді бәсеке балалар мен жасөспірімдер арасында спортты насихаттауға бағытталған. Министр Кубогінің бүгінгі қатысушылары – ертеңгі ел спортының болашағы.
22 мамыр – төрешілер мен командалар келіп, ресми салмақ өлшеу рәсімі өтеді. Сонымен қатар мандаттық комиссияның отырысы болады.
22-23 мамыр – жартылай финал жекпе-жектері (Уақыты 10:00 – 16.00).
24 мамыр – 3-орын иегері мен жеңімпаз анықталады (Уақыты 11.00 – 16.30). Марапаттау қарсаңында көрермендер арасында викторина ойнатылып, дұрыс жауабын тапқандарға жүлде беріледі.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: