08.01.2024 | 17:41
Бөлісу:
Ерасыл Шыңғысхан мен Кристина Шумекова Канвондо Олимпиадасында Қазақстан туын ұстап шығады
Санаулы күндерден кейін Оңтүстік Кореяда алауы тұтанатын IV қысқы жастар Олимпиадасының ашылу салтанатында еліміздің көк туын ұстап шығатын спортшылар белгілі болды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
«Мемлекеттер шеруі» кезінде Қазақстанның байрағын оралдық шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан мен петропавлдық конькимен жүгіру спортының өкілі Кристина Шумекова ұстап шығады. Бұл спортшылар жарыстардағы жоғары жетістіктері үшін ғана емес, сонымен қатар халықаралық аренадағы жеңіске деген жігері үшін таңдалды.
Он сегіз жастағы Кристина Шумекова – конькимен жүгіру спортынан ҚР спорт шебері, өзінің жас санатында Қазақстан чемпионы, 2023 жылы Италияда өткен Әлем Кубогы кезеңінің күміс жүлдегері. Он жеті жастағы Ерасыл Шыңғысхан шорт-тректен спорт шеберіне кандидат, өзінің жас санатында Қазақстан чемпионы, сондай-ақ «Азия балалары» 2023 халықаралық жарысының күміс жүлдегері.
«Бұл – мен үшін өте әсерлі сәт. Қысқы Олимпиадада Қазақстанды таныстыру – абыройлы міндет қана емес, үлкен жауапкершілік. Мен жарыс жолында бар күш-жігерімді салуға уәде беремін. Төрт жылдықтың басты додасына қатысатын әрқайсымыз Олимпиада медалін жеңіп алғымыз келеді және бұл ойындар біздің осы мақсатқа жету жолындағы тамаша мүмкіндігіміз», - деді Кристина Шумекова.
Шорт-тректен Қазақстан құрамасының өкілі Ерасыл Шыңғысхан да өз ойын былай ортаға салды:
«Мен үшін Ту ұстаушы болу – үлкен жауапкершілік. Біздің ұлттық құрама спортшылары алдағы байрақты бәсекеге дайын және біз Оңтүстік Кореядағы жарыста ел намысын абыроймен қорғайтынымызға сенімдімін. Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысу – әрқайсымыз үшін зор тәжірибе, кәсіби спортшы ретінде өсуімізге мол мүмкіндік».
Олимпия ойындарына дайындық үшін құрылған штаб басшысы Елсияр Қанағатов ту ұстаушылардың дұрыс таңдалғанына сенімді екенін жеткізді:
«Кристина мен Ерасыл – біздің мықты әрі ұйымшыл командамыздың жарқын өкілдері. Олардың кәсібилігі, ынта-жігері мен спортқа деген адалдығы Оңтүстік Кореяға баратын жасөспірімдер құрамасы мүшелерінің бойынан ең жақсы қасиеттері дәлелдеп тұр. Аталған спортшылар – ел спортының жаңа буыны, біз олардың қысқы жастар Олимпиадасында өнер көрсетуін асыға күтеміз. Сонымен қатар жас спортшылар ойындарға қатысу арқылы тек тәжірибе жинап қана қоймай, өз шеберліктерін шыңдау жолында құнды сабақ алады деп үміттенеміз».
Айта кетейік, Канвондо провинциясындағы IV қысқы жастар Олимпиадасы 19 қаңтардадан 1 ақпанға дейін созылады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықКанвон-2024 Қазақстан үшін табысты қысқы Олимпиадаға айналды
Канвон-2024 – Қазақстан алтын алған алғашқы қысқы Олимпиада!
Олимпиаданың соңғы күні Қазақстан эстафетада сынға түсті