13.04.2023 | 21:31
Бөлісу:
Еркін күрес шеберлері Азия чемпионатын 2 алтын, 1 қола медальмен бастады
Астана қаласында күрестен сары құрлық чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін еркін күрес шеберлерінің бәсекесі басталды. Жүлде сарапқа салынған 5 салмақтың екеуінде Мадияр Құрамысовтың шәкірттері қарсылас шақ келтірмей, елордалық жанкүйерлерді қуантты. Назарларыңызға Азия чемпионатының 5-күніне шолуды ұсынамыз.
Күндізгі сессия қорытындысы бойынша барлық салмақтағы қазақстандық кешке жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Оның ішінде финалистер саны екеу-тұғын.
Елордалық Санжар Досжанов 1/8 айналымда оңтүстік кореялық Сук Хон Паркты таза ұтқан. Сосын, қырғызстандық Орозобек Токтомбетовтен өте тартысты белдесуде үстем түсті. Негізі кездесу 4-4 есебімен тең аяқталған. Соңғы ұпайды қазақстандық алғандықтан келесі кезең жолдамасы да оның еншісінде кетті. Осыдан кейін Санжар ирандық Мортеза Хассанәліні сенімді жеңіп, финалға өтті. Ал алтын үшін айқаста өзбекстандық Зафарбек Отакхоновқа еш мүмкіндік берген жоқ. Жалпы бұл Санжар Досжановтың (70 кг) халықаралық додадағы алғашқы жүлдесі.
Былтыр Моңғолиядағы чемпионатта бұл салмақта күрескен Ұлттық құрама өкілі Сырбаз Талғат қола медаль жеңіп алған.
Ал 79 кг дейінгі салмақта сынға түсетін Болат Сақаев сенсация жасады. Қазақстандық ширек финалда жапониялық Яджуро Йамасакиді, кейін ирандық Амирхосейін Мортеза Каваузиді айқын ұтты. Финалда осы салмақтағы көшбасшының бірі, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері (74 кг), 2 дүркін Азия ойындарының чемпионы, 2 мәрте Азия чемпионы Бекзод Абдурахмоновтан басым түсті. Айта кетейік, былтыр бұл салмақта Моңғолияда өткен құрлық бәсекесінде Қазақстанға медаль бұйырмаған.
Қола үшін күрескен 3 қазақстандық ішінде тек Рахан Қалжанның ғана жолы болды. Ол моңғолиялық Занабазар Зандабудтан соңғы сәтте жүлдені жұлып алды. Рахат сары құрлық бәсекесін ширек финалдан (57 кг) бастаған. Өкінішке қарай, бірден Алмас Сманбековтен өте алмады. Қырғызстандық еркін күрес шебері финалға жолдама алғандықтан, Рахат жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды. Онда қазақстандық Мұхаммед Билактан айласын асырды. Рахат Қалжан былтыр Моңғолия астанасы қабылдаған сары құрлық чемпионатының финалында үндістандық спортшыдан ұтылып қалған.
Бүгін Мұхтар Санжар (65 кг) мен Бекзат Үркімбай (97 кг) қарсыласына есе жіберіп, өз салмағында 5-сатыдан көрінді.
Ертең Азия чемпионатының соңғы күні. Балуандар 61, 74, 86, 92 және 125 келіге дейінгі салмақта күреседі. Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 5 алтын, 2 күміс пен 9 қола жүлде бар. Жалпы есепте Иран көш бастап тұр (6 алтын, 2 күміс пен 3 қола). Одан кейінгі сатыда бір алтыны кем Жапония мен біздің Ұлттық құрама. Былтыр Ұлан-Батырда Қазақстан балуандары барлығы 5 алтын, 8 күміс және 8 қола медальге қол жеткізіп, 10 алтыннан алған Жапония мен Иранға есе жіберген.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықТАРИХИ СӘТ! НҰРҚОЖА ҚАЙПАНОВ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
ДӘУЛЕТ ЕРГЕШ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕ ТАЛАСАТЫН МҮМКІНДІК АЛДЫ
ТАРИХИ СӘТ! РИЗАБЕК АЙТМҰХАН 3 ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ