27.06.2022 | invalid

Еркін күрес – жастарға көбірек сенім артамыз

Бүгін Республикалық Спортты дамыту дирекциясының директоры Маратбек Мықтыбеков еркін күрестен Ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысовты қабылдады.

Бұл жүздесу бүгін Қарағанды қаласында басталған күрес түрлерінен ел чемпионатымен қатар өтті. Әуелі Қазақстан құрамасының Ұлан-Батырдағы құрлық чемпионатында (19-24 сәуір) көрсеткен нәтижесіне талдау жасалды. Содан кейін ел біріншілігі, V Ислам Ынтымақтастығы ойындары мен Сербиядағы Әлем чемпионатына деген жоспар сөз болды.

Бас бапкердің сөзінше, олимпиада бағдарламасына кіретін бірнеше салмақта (57, 74, 97 кг) бәсекелестік жоғары. Дегенмен, кей салмақтарда тегеурінді балуандар қатары сирек. Мәселен, 65 келіде ел намысын ұзақ жыл абыроймен қорғаған Дәулет Ниязбеков карьерасын аяқтаған соң, елімізде бұл салмақтың көшбасшысы байқалмай тұр. Қазір бапкерлер қосыны жуырда аталған салмаққа ауысқан Адлан Асқарға зор сенім артып отыр. Маратбек Мықтыбеков мамандардың осы қадамын қолдап, жас балуандарға көбірек мүмкіндік беру керегін атап өтті.

Айта кетейік, ел чемпионатынан кейін Ұлттық құрама қайта жасақталып, Түркия мен Сербия бозкілемдерінде сынға түсетін балуандар белгілі болмақ. Негізгі құрам қыркүйекте Белградтағы жаһандық бәсекеде күрессе, екінші құрам тамызда Конья қаласындағы Ислам елдерінің додасында күш сынасады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес