07.11.2024 | 18:09

ЕРЖЕТ ЖАРЛЫҚАСЫН ӘЛЕМ РЕЙТИНГІНДЕ КӨШ БАСТАДЫ

Бүгін Халықаралық күрес федерациясының (UWW) әр салмақтағы әлем рейтингінің жаңа нұсқасын жариялады, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жуырда Албания астанасы Тиранада өткен Олимпиадада бағдарламасына кірмейтін салмақтар бойынша әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Ержет Жарлықасын 63 кг дейінгі салмақта әлем рейтингінде 1-орынға шықты. Грек-рим күресі шеберінің еншісінде 47000 ұпай бар. Одан кейінгі сатыға әзірбайжандық Нихат Мамадли (45000) мен армениялық Карен Арсланян (31000) жайғасты.

Еске сала кетейік, Ержет биыл көктемде Бішкектегі Азия чемпионатында осы салмақта топ жарған.

Грек-рим күресінен Албания астанасында 55 кг дейінгі салмақта күресіп, ширек финалға шыққан Исхар Құрбаев жылды 7-сатыда аяқтайды.

Ал еркін күрестен Тиранада 70 кг дейінгі салмақтағы чемпион Нұрқожа Қайпанов 45 мың ұпаймен рейтингтің 2-орнына шықты. Көш басында Акаки Кемертелидзе (Грузия) тұр. Нұрқожадан финалда жеңілген Йошиносуке Аояги 3-орында. Оның да еншісінде 45 мың балл.

Дәл осындай жағдай әйелдер күресінде 72 кг дейінгі салмақта тіркелді. Бірінші ооындағы Ами Иши мен 2-сатыдағы Жәмилә Бақбергеновада бірдей ұпайдан (45 мың). Жапон палуаны Тиранада финалда отандасымыздан басым түскендіктен жоғары тұр.

Биыл 97 кг дейінгі салмақта 20 және 23 жасқа дейінгі санатта әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан рейтингте 18-сатыда келе жатыр. Осы салмақта Париж Олимпиадасына қатысқан Әлішер Ерғали 7-орында.

Айта кетейік, барлық салмақтағы рейтингтің толық нұсқасын Халықаралық күрес федерациясының (UWW) ресми сайтынан көре аласыздар. 

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес