24.01.2024 | 12:14

Канвон Олимпиадасының 5-күні: хоккейшілер қола жүлдеге таласады

Бүгін Канвон қаласында өтіп жатқан қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер Олимпиадасының 5-жарыс күні Ұлттық құрама спортшылары 4 бағдарламада медаль үшін сынға түсті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Биатлоннан аралас командалық эстафетада (4×6 км) Қазақстан намысын Әлема Қарабаева, Эвелина Мезенцева, Кирилл Зотов пен Антон Редькин қорғап, 11-сатыға табан тіреді. Жарысты Әлема сөреде 26 құраманың ішінде 8-номермен бастаған. Мәреге Италия құрамасы 1-ші келсе, Франция күміс алды, Чехия үздік үштікті түйіндеді.

Осымен бұл спорттан жарыс аяқталды. Ұлттық құрама биатлоншылары осымен екінші ойыннан жүлдесіз қайтты. Алғашқы Олимпиадада (2012 жылы) Галина Вишневская-Шепоренко күміс және қола медаль алса, араға 4 жыл салып, Лиллехаммерде Арина Пантова қола медаль жеңіп алған. Биатлон – қазақ атлеттері қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында ең көп жүлде алған спорт саналады.

Ал шорт-тректен аралас командалық эстафетада Ұлттық құраманың жолы болмады. Жартылай финалдағы жарыста Ерасыл Шыңғысхан құлап қалып, команда жарыстан шығып қалды. Ақтық сында Қытай спортшылары топ жарса, күміс АҚШ, қола Жапонияға бұйырды.

Айта кетейік, Қазақстан шорт-тректен толық құрам (2 ұл, 2 қыз) қосқан 9 команданың бірі болды. Данабек Хаиров баптайтын спортшылар Канвонда бір қолаға ие болды (Полина Омельчук, 1000 метр).

Тау шаңғысынан гигант слалом жаттығуында отандасымыз Ростислав Хохлов жалпы есепте 33-орын алды. Мұнда барлығы 79 ұл бақ сынады. Алтын Нэш Хуот-Марчандтың (Франция) уысында кетсе, Зак Кэррик-Смит (Ұлыбритания) күміс, ал қола медаль Флориан Ньюмайерге (Аустрия) бұйырды. Ертең ұлдар мен қыздар слалом түрінде шеберлік байқасады.

Хоккейден (3×3) Ұлттық құрама жартылай финалда Латвияға есе жіберіп, финалға жолдама ала алмады. Есеп: (5-19). Енді Ұлттық құрама бағана Данияға есе жіберген Аустриямен ертең қола жүлдені сарапқа салады. Ойын Астана уақытымен таңғы 9:00-де басталады.

Қазір Қазақстан делегациясы 1 алтын, 1 қола медальмен жалпы есепте Чехиямен бір қатарда 15-сатыда. Көш басында тұрған Италияның 9 алтын, 2 күміс, 2 қоласы бар. Одан кейін 6 алтынмен Франция және Германия қатар келе жатыр.

Еске сала кетейік, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасын Olympics.com Youtube арнасынан көре аласыздар.

Суреттердің авторы - Шамкен Байырбек, Нұрғали Жұмағазы, Сали Сабиров.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес