20.12.2024 | 23:06
Бөлісу:
ХАРБИНДЕГІ ҚЫСҚЫ АЗИАДАҒА ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНАН 15 СПОРТШЫ ҚАТЫСАДЫ
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өңірдегі бірқатар спорт нысанын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Сапар барысында Министр Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежіне барды. 2013 жылы қолданысқа берілген спорт кешенінде жыл бойы жаттығу жасау үшін барлық жағдай жасалған, сондай-ақ мұнда облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Сонымен қатар ведомство басшысы Өскемендегі Үстел теннисі орталығын аралады. Орталық үстел теннисі бойынша облыстағы балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резерв спорт мектебінің базасында құрылған. Мұнда ірі жарыстар, бұқаралық спорттық іс-шаралар мен оқу-жаттығу жиындары өтеді. Ғимарат заманауи спорт құралдарымен жабдықталған. Орталықта спортшылардың жарыстан кейін немесе жарақат алған кезде физиотерапия ем-шараларын алып, қалыпқа келуіне мүмкіндік беретін дәрігерлік-денешынықтыру диспансері бар.
Туризм және спорт министрі Үстел теннисі орталығында олимпиадалық, олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша облыстың аға жаттықтырушыларымен кездесіп, олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Кездесу барысында Министр аймақ спортын дамыту, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру және спортшылардың дайындық деңгейін көтеру қажеттілігін атап өтті.
Шығыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов жабық футбол стадионы мен теннис академиясын салу жобасын таныстырды. Бұл жобаларды жүзеге асыру Мемлекет басшысының өңірге жасаған сапары кезінде тапсырылған болатын.
«Шығыс Қазақстан облысы – елімізді әлемге танытып, көк байрағымызды желбіреткен талантты спортшыларды дүниеге әкелген өңір. Бұл аймақта даңқты хоккейші Борис Александров, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, фристайлдан қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышева сияқты дарынды спортшыларымыз дүниеге келген. Жалпы, ШҚО қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың негізгі орталығы саналады. Сол себепті дайындық барысында қолда бар әлеует пен ресурстарды тиімді пайдалану қажет. Келесі жылы Қытайдың Харбин қаласында қысқы Азия ойындары өтетіні белгілі. Қазақстан құрамасынан 6 спорт түрінен 139 спортшы қатысады деп жоспарлануда. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысынан биатлон, тау шаңғысы, шорт-трек және шайбалы хоккей сияқты спорт түрлерінен 15 спортшы бақ сынайды», – деді Ербол Мырзабосынов.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: