31.05.2024 | 16:55

Лицензия иегерлері Будапештегі маңызды турнирде күреседі

4-9 маусым аралығында Мажарстан астанасы Будапеште күрес түрлерінен маусымдағы шешуші рейтингтік турнир өтеді. Бәсекеге Париж Олимпиадасының жолдамасын алған палуандардың басым бөлігі қатысады. Атап айтар болсақ, тіркелген 313 спортшының 134-і лицензия иегері. Себебі, мұндағы ұпайлар Олимпиада жеребесі кезінде біраз өзгеріс алып келуі мүмкін.

Ұлттық құрама сапында мына спортшылар күреседі:

Еркін күрес – Азамат Дәулетбеков (86 кг), Әлішер Ерғали, Ризабек Айтмұхан (97 кг), Юсуп Батырмурзаев (125 кг);

Грек-рим күресі – Айдос Сұлтанғали (60 кг), Демеу Жадыраев (77 кг), Нұрсұлтан Тұрсынов пен Шамиль Ожаев (87 кг), Әлімхан Сыздықов (130 кг);

Әйелдер күресі – Эмма Тисина мен Марина Седнева (55 кг), Диана Каюмова мен Ирина Кузнецова (59 кг), Ирина Казюлина (65 кг), Жәмилә Бақбергенова мен Гүлмарал Еркебаева (72 кг);

«Соңғы турнир көп нәрсеге әсер етейін деп тұр. Будапештегі жарыстан соң ұпайлар түгенделіп, Олимпиада жеребесі сол бойынша тартылады. Неғұрлым ұпайы көп палуан жоғары көтеріліп, Парижде алғашқы айналымда ұпайы аз, төменде тұрғанымен күреседі. Әр салмақта тек 16 адам екенін ескерсек, мұндай мүмкіндікті уыстан шығарып алмауымыз керек. Қазір Азамат Дәулетбеков рейтингте 1-орында тұр. Ал қалғандарының ұпайы аздау. Осы жарыста жүлдегерлер қатарына қосылу маңызды»,-деді еркін күрестен Мемлекеттік жаттықтырушы Дастан Қанатқанов Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы күрес түрлерінен Париж Олимпиадасының 7 жолдамасына қол жеткізген. Оның төртеуі грек-рим, үшеуі еркін күресте. Франция астанасында алғаш рет еліміздің әйелдер құрамасынан Олимпиадаға ешқандай палуан бармайды. Күресте квота палуанның жеке өзіне емес, әр елдің ұлттық федерациясына беріледі. Сосын, әр федерация салмақ бойынша кімді апаратынын өзі шешеді.

Турнирді UWW платформасынан тікелей эфирде көре аласыздар.

Сурет: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес