22.04.2022 | invalid

«Министр Кубогы» - дарынды балаларға арналған кешенді жарыс

2-24 мамыр аралығында алғаш рет Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің Кубогы үшін кешенді жарыс өтеді. Еліміздің спорт саласындағы 17 оқу орнында тəлім алып жатқан 2006-2007 жылы дүниеге келген жасөспірімдер халық арасында кең танылған спорт түрлері – бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрестен кім мықтыны анықтайды.

Командалық бәсекенің мақсаты – дарынды балалардың көзге түсуіне жағдай жасау, спорт мектеп-интернат-колледждер арасындағы бәсекелестікті арттыру. Жарысқа тек 2021-2022 оқу жылына дейін қабылданған шәкірттер қатыса алады.

Бүгін елордада жеребе тарту рәсімі болып, 17 команда 4 топқа бөлінді. Аталған командалар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе мен Тараз қаласында өзара күш сынасады.

Әр топтағы командалар айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен кездеседі. Қорытынды нəтиже төрт спорт түрі бойынша жеңіп алған медальдар сапасы бойынша анықталады. Тек 1-орын алған командалар жартылай финалға шығады. Онда А тобының жеңімпазы С тобының үздігіне, В тобының мықтысы D тобының жеңімпазына түседі. Жартылай финал жəне финал 22-24 мамыр аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

«Алдағы уақытта «Министр Кубогі» сарапқа салынатын спорт түрлерінің санын көбейтуге тырысамыз. Мұндағы мақсат – спорт мектеп-интернат-колледждер арасындағы бәсекелестікті арттыру. Осы кешенді жарыс бізге әр спорт түріндегі білікті бапкерлерді анықтауға көмектеседі, деп сенеміз. Сонымен қатар арнаулы оқу орындарындағы өзекті мәселелерді анықтап, міндетін айқындаймыз, деп ойлаймын»,-деп айтты МСМ Спорт жəне дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Самат Ерғалиев жеребе тарту рәсімі кезінде.

Министр Кубогінің жалпы жүлде қоры 10 миллион теңге. 1-орын алған командаға - 5 млн, 2-орынға – 3 млн, 3 орынға – 2 млн. теңге беріледі.

Айта кетейік, жарыстың бас төрешісі: Бекболат Байжанов – ҚР МСМ Спорт жəне дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары;

Жарыстың бас хатшысы: Оралбай Жақсымбетов – Республикалық спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары. "Спортты дамыту дирекциясы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының серіктестері - "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамы мен SportQory қамқоршылық қоры.

Барлық жаңалықты біздің сайтымыз бен әлеуметтік желідегі парақшамыздан біле аласыздар!

 

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес