05.01.2023 | invalid

Мырзағали Айтжанов бокстан еліміздің ерлер құрамасының бас бапкері қызметіне қайта кірісті

Бүгін Мырзағали Айтжанов ресми түрде бокстан ерлер құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды. Ол бұл қызметте орнынан өз еркімен кеткен Қайрат Сәтжановты алмастырды.

Мырзағали Құланұлы Айтжанов 2009-2018 жылдар аралығында Ұлттық құрама (ерлер) тізгінін ұстаған. Қазақ боксы тарихындағы жарқын жеңістер Мырзағали Құланұлы жұмыс істеген кезде болды.

Лондон Олимпиадасында Серік Сәпиев чемпион атанып, Вэл Баркер Кубогының иегері атанды. Ал Рио-де-Жанейрода Данияр Елеусінов осы жетістікті тағы қайталады. Команда Мырзағали Айтжановпен бірге әлем чемпионаттарында да 5 алтын (2013 жылы – 4, 2017 жылы – 1) алтын медаль жеңіп алды.

Мырзағали Айтжанов – Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. 1988 жылы боксшы ретінде КСРО құрамасы сапында жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатында жеңіске жеткен. Ол – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтың жеке жаттықтырушысы.

Қайрат Тұрсынханұлы Сәтжанов – 2011-2019 жылдар аралығында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарған. Осы уақыт ішінде оның боксшылары екі рет «Азия балалары» халықаралық ойындарында жеңіске жетті. Екі рет әлем чемпионаттарында үздік үштікке енді, сондай-ақ екі рет Азия чемпионатында үздік атанды.

Сәтжанов 2019 жылы Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалған. Екі жыл ішінде оның шәкірттері Азия чемпионатында екі рет командалық есепте жеңіске жетіп, әлем чемпионатында 2-орынға ие болды.

2021 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасының ерлер құрамасын басқарды. Осы уақыт ішінде қазақстандық боксшылар 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында бес медаль жеңіп алды. Сонымен қатар 2022 жылы Амманда өткен Азия чемпионатында үздік өнер көрсетіп, екі чемпионатта да Қазақстан командалық медальдық есепте екінші орын алды.

Спортты дамыту дирекциясы Қайрат Сәтжановқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтады. Ал Ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Мырзағали Айтжановтың қызметіне сәттілік тілейді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес