03.10.2023 | 18:42
Бөлісу:
Надежда Дубовицкая екінші рет Азиадада қола жүлдегер атанды
Санаулы сәттер бұрын Надежда Дубовицкая Ханчжоуда өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Биіктікке секіру бәсекесінде ол 1.86 метрді еңсерді. Алтын мен күміс Өзбекстан құрамасының еншісінде кетті. Сафина Садуллаева карьерасындағы ең айтулы жүлдеге қол жеткізсе, қазіргі Азия ойындары рекордының иесі (1.96 метр), 36 жастағы Светлана Радзивил 2-орыннан көрінді.
Ұлттық құраманың тағы бір атлеті Кристина Овчинникова финалда 1.83 метр көрсеткішімен 4-сатыны місе тұтты. Ақтық сында барлығы 13 спортшы бақ сынады.
Надежда Дубовицкая осыдан 5 жыл бұрын Джакартада өткен сары құрлық ойындарында қола жүлдеге ие болған. Ол 2021 жылы маусым айында Алматы қаласында өткен Қазақстан чемпионатында Азия рекордын тіркеген (2,00 м). Оған дейінгі сары құрлықтың үздік нәтижесі (1,99 м) тағы бір отандасымыз Марина Аитоваға (2009 жылы) тиесілі болған.
Сондай-ақ Дубовицкаяның қоржынында жабық кешендегі әлем чемпионатының қоласы (2021 жыл) мен Азия чемпионатының алтыны, қоласы мен тағы бірқатар медаль бар.
25 жастағы Семей қаласының тумасы 23 қыркүйектегі салтанатты ашылу рәсімі кезінде бокстан құрама капитаны Асланбек Шымбергеновпен бірге Мемлекеттік Туды ұстап шыққан.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықДЕЙЗИ ДЖЕПКЕМЕЙ ФИНАЛДА ӨНЕР КӨРСЕТТІ
НОРА ДЖЕРУТО ФИНАЛДА ҮЗДІК ОНДЫҚҚА КІРДІ
ПАРИЖ-2024: ДАВИД ЕФРЕМОВ ФАЛЬСТАРТ ЖАСАДЫ