03.06.2023 | 13:02
Бөлісу:
Назым Махмұтова 2-айналымда қазіргі әлем чемпионы Сара Чаариден ұтылды
Бүгін Әзірбайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан таеквондодан 26-шы әлем чемпионының 6-жарыс күні өтіп жатыр. Жарыс жолына Ұлттық құрама сапынан Назым Махмұтова (62 кг) мен Нұрқанат Қожахметов (74 кг) шықты.
Осы чемпионаттағы ең жас спортшының бірі (16 жаста) Назым Махмұтова жапониялық Касуми Хирабаяшиды 2 раундта ұтып, әлем чемпионатының жақсы бастады. Осыдан кейін ол әлем рейтингінде ұпайы аз болғандықтан көш басындағы таеквондошының біріне қарсылас болды. Былтырғы жастар мен ересектер арасындағы әлем чемпионы Сара Чааримен айқас тартысқа толы өтті. Алғашқы раундта бельгиялық басым болғанымен, Назым таразы басын теңестіріп кетті. Алайда шешуші раундта тәжірибелі Сара басымдықты уысынан шығарған жоқ.
«Алғашқы жекпе-жек қиын болған жоқ. Бәрі бапкерім айтқандай болды. Екі раундта да жеңіп шықтым. Содан кейін осы салмақтағы әлем чемпионына түсіп қалдым. Тактика бойынша қолмен көбірек ұрып, сосын теуіп, ұпай алуым керек болған. Екінші раундта солай болды. Ал 3-кезеңде шаршап қалдым»,-деді Назым Махмұтова жекпе-жектен кейін.
Жалпы бельгиялық даян шеберінің осыған дейін бірнеше қазақстандықпен халықаралық жарыстарда жолы түйіскен. Мәселен, алғаш рет 2018 жылы кадеттер арасында Ыстанбұлдағы Түркия ашық чемпионатының финалында Айдана Құмартаевадан жеңілсе, 2019 жылы Ташкенттегі әлем чемпионатында Айша Әділбекқызы Сарадан басым түскен.
Өкішішке қарай, тағы бір отандасымыз Нұрқанат Қожахмет алғашқы кезеңде сүрінді. Ұлттық құрама спортшысы (74 кг) Оңтүстік Корея таеквондошысы Же Вон Канға жол берді. Есеп: 0-2. Айта кетейік, осыған дейін 2017 және 2019 жылғы әлем чемпионатында осы салмақта Қайрат Сарымсақов қола медаль жеңіп алған.
Ертең биылғы әлем чемпионатының соңғы күні. Қазақстан сапынан Азиза Қаражанова (53 кг) мен Руслан Жапаров (+87 кг) бақ сынайды.
Жалпы биылғы додаға 145 елден мыңға тарта таеквондошы жиналды. Айта кетейік, Бакуде өтіп жатқаны таеквондодан XXVI әлем чемпионаты. Биылғы дода Халықаралық таеквондо федерацясының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Мұнда Париж Олимпиадасына қажет ұпайлар сарапқа салынады. Бұл спортта рейтингі ең жоғары бәсеке – Олимпия ойындары (G20). Одан кейін әлем чемпионаты (G14), Гран-придің финалы (G10) мен Гран-при санатындағы жарыстар (G6) тұр. Әлем чемпионы 140 балл алса, күміс жүлде үшін 84, қолаға 50 ұпай беріледі.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: