13.03.2024 | 20:15
Бөлісу:
Олимпиадаға баратын таеквондошылар Тайанда белгілі болады
15-16 наурыз аралығында Қытайдың Тайань қаласында таеквондодан Париж Олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынатын Азия құрлығының іріктеу турнирі өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Ел намысын қорғайтын спортшылар:
- Батырхан Төлеуғали (80 кг) – 17 жаста. жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері (2022), ҚР VI жазғы Спартакиадасының жеңімпазы;
- Самирхон Абабакиров (58 кг) – 20 жаста. Олимпиада рейтингінде 39-орында.
- Мария Севостьянова (57 кг) – 19 жаста. Олимпиада рейтингінде 44-орында, ҚР VІ жазғы Спартакиадасының жеңімпазы;
- Жансель Дениз (+67 кг) – 33 жаста. Олимпиада рейтингінде 14-орын.
Жоғарыдағы 4 спортшының ішінде Жансельден басқасы алғаш рет Олимпиада лицензиясы үшін таласады. Аса ауыр салмақта бақ сынайтын Дениз Рио (2016 ж) мен Токио Олимпиадасына (2021 ж) қатысқан.
Қытайдағы жарыста Париж Олимпиадасының жолдамасына әр салмақта финалға шыққан екі спортшы ие болады. Барлығы турнирде 33 мемлекеттен келген таңдаулы 96 таеквондошы күш сынасады. Бұл сары құрлық өкілдеріне лицензия берілетін соңғы жарыс екенін айта кетейік.
Қазір бас бапкер Нұрсұлтан Мамаев бастаған Ұлттық құрама Тайань қаласында дайындығын пысықтап жатыр. Алғаш болып 15 наурызда даянгқа Батырхан Төлеуғали шығады. Ал қалған 3 атлетіміз ертесіне, яғни соңғы жарыс күні шеберлігін паш етеді.
Анықтама:
Қазақстан 2004 жылдан бері Олимпиадаға таеквондодан тұрақты түрде спортшы апарып келеді. Осы уақытқа дейін 1 жүлде алғанбыз. Бейжің Олимпиадасында Арман Шылманов қола медальге қол жеткізген.
Суреттердің авторы - Шамкен Байырбек.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықМЕМЛЕКЕТТІК ЖАТТЫҚТЫРУШЫ ЖОБАСЫ: АРМАН ШЫЛМАНОВ
ТАЕКВОНДОДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНА 2 КҮН ҚАЛДЫ