16.03.2024 | 16:19
Бөлісу:
Парижге еліміздің 2 таеквондошысы барады
Бүгін Қытайдың Тайань қаласында аяқталған Азия құрлығының соңғы лицензиялық турнирінде Ұлттық құрама 2 жолдамаға ие болды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Санаулы сәттер бұрын Самирхон Абабакиров (58 кг) жартылай финалдағы Филиппин атлетімен болған жекпе-жегінде жеңіске жетті.
Өкінішке қарай, жолдамаға таласқан аса ауыр салмақтағы Жансель Дениз (+67 кг) шиеленісті өткен айқаста қарсыласы Мунира Абдусалимоваға (Тәжікстан) жол берді.
Кеше Батырхан Төлеуғали (-80 кг) екі айқаста ешкімге дес бермей, Олимпиадаға лицензия алған ең жас қазақ таеквондошысы атанған.
«Осы турнирге 3 жолдама аламыз деп келгенбіз. Қолға түскені екеу болды. Бір қуаныштысы Парижге қос жас таеквондошымыз барады. Батырхан шілдеде 18-ге, Самирхон қыркүйекте 21-ге толады. Жыл өткен сайын Ұлттық құрама сапына көптеп жастарды тартып келеміз. Бағана тәжірибелі Жансель Денизден лицензия күткенбіз. Алайда ол қарсыласынан жеңіліп қалды. Жансель Испанияда өткен 12 күндік халықаралық оқу-жаттығу жиыны кезінде тізесінен жарақат алған. Бүгін екі жекпе-жек кезінде соның салдары көрініп тұрды»,-деді Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы Олжас Беспаев Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, Азияның шешуші турниріне 33 елден 96 атлет қатысты. Мұндағы жекпе-жектер кезінде бұра тарту болмас үшін Еуропа, Африка және Оңтүстік Америкадан келген төрешілер қызмет етті. Олар ертең пара таеквондодан лицензиялық турнирде жұмысын жалғастырады.
Жалпы Қазақстан құрамасы 2004 жылдан бері тұрақты түрде Олимпиадаға таеквондошы апарады. Афинада ел намысын тек Әділхан Сағындықов қана қорғаған. Содан кейін Бейжіңде Арман Шылманов пен Лия Нуркина, Лондонда Нұрсұлтан Мамаев, Гүлнафис Айтмұхамбетова, Феруза Ергешова сынға түсті. Ал Рио (Руслан Жапаров, Айнұр Есбергенова) мен Токиодағы ойындарда (Руслан Жапаров, Жансель Дениз) екі таеквондошымыз жүлдеге таласқан. Әзірге Қазақстан еншісінде Бейжіңдегі Арман Шылмановтың қола жүлдесі бар.
Суреттер - Шамкен Байырбек.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықМЕМЛЕКЕТТІК ЖАТТЫҚТЫРУШЫ ЖОБАСЫ: АРМАН ШЫЛМАНОВ
ТАЕКВОНДОДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНА 2 КҮН ҚАЛДЫ