10.02.2023 | 21:12
Бөлісу:
Азия чемпионатының алғашқы күні еншімізге 2 медаль бұйырды. Михаил Литвин мен Вячеслав Земс финалға шықты
Бүгін Астана қаласында жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Х Азия чемпионаты басталды. Сары құрлық додасының салатанатты ашылуы рәсіміне Азия жеңіл атлетика қауымдастығының Президенті Дахлан әл-Хамад, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының Президенті Даниал Ахметов қатысып, 31 елден келген спортшыларға сәттілік тіледі.
Әлихан Смайылов әуелі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрлық додасының қатысушыларына арналған құттықтау сөзін оқып берді.
«Құрметті спортшылар, қадірлі қонақтар мен жанкүйерлер!
Азияның 31 елінен 500-ден астам спортшы қатысып жатқан байрақты бәсеке еліміз үшін айтулы оқиға. Спорт шекара талғамайды. Мемлекеттер мен халықтардың достығын нығайтып, жақындастыра түседі. Қазақстан спорт саласына айрықша мән береді. Елімізде азаматтардың кәсіби және бұқаралық спортпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл саланың инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлінеді. Алты мыңнан астам адам сиятын жеңіл атлетика кешені осының айқын дәлелі.
Қазақстан спортшылары көптеген дүбірлі додада топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастарды жарқын жеңістерге бастайды. Азия біріншілігінің Астана төрінде өтуі – елімізде жеңіл атлетиканы дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Біз осы саладағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайта түсеміз»,-деп жазылған ҚР Президентінің құттықтау хатында. Осыдан кейін Әлихан Смайылов Азия чемпионатын ашық деп жариялады.
Кешкі сессияның алғашқы финалында Қазақстан қоржынына бірінші медаль түсті. Каролин Чепкоеч Кипкируи 3 мың метрге жүгіруде мәреге бірінші келіп, чемпион атанды. Отандасымыздың уақыт көрсеткіші: 9:01.98 секунд. Қытайлық Уга Хэ күміс алса, жапониялық Юма Йамамото үздік үштікті түйіндеді.
Ал көп уақыт өтпей 60 метрге жүгіруде Ольга Сафронова күміс жүлде жеңіп алды. Ол бұл қашықтықты 7.32 секундта жүгіріп өтті. Ирандық спортшы Фарзане Фасихи 7.28 секунд нәтижесімен қарсылас шақ келтірмесе, индонезиялық Валентин Ванеза 3-орын (7.37 секунд) иеленді.
Ерлер арасында 400 метрге жүгіруде қазақстандық Михаил Литвин (46.97 секунд) мен Вячеслав Земс (47.32) іріктеуден іркілмей, финалға жолдама алды. Жүле үшін жарыс 11 ақпан, сағат 20:15-те өтеді.
Ерлер арасында ядро итеруде үндістандық Тажендерпал Сайд Тур 19.49 метр нәтижесімен 1-орын, Каранвир Сайд 19.37 метр нәтижесімен 2-орын алды. Қытайлық Чжен Сиаодон 18.85 метр нәтижесімен үздіктер көшін қорытындылады.
Әйелдер арасындағы бессайыста өзбекстандық Екатерина Воронина 862 ұпаймен 1-орын, үндістандық спортшы 2-орын, ал жапониялық Юки Ямашаки 846 ұпаймен 3-орын иеленді.
Жабық алаң ішіндегі жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты ТМД елдерінің аумағында алғаш рет өткізіліп отыр. Спортшылар арасында жүгіру, эстафеталық жүгіру, ұзындыққа секіру, биікке секіру, үш рет секіру, сырықпен секіру, ядро лақтыру және көпсайыс сияқты жарыс түрлері бойынша 26 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасыны4 сапында 69 спортшы бар.
Халықаралық жарыс Астанада 10-12 ақпан аралығында өтеді.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықДЕЙЗИ ДЖЕПКЕМЕЙ ФИНАЛДА ӨНЕР КӨРСЕТТІ
НОРА ДЖЕРУТО ФИНАЛДА ҮЗДІК ОНДЫҚҚА КІРДІ
ПАРИЖ-2024: ДАВИД ЕФРЕМОВ ФАЛЬСТАРТ ЖАСАДЫ