03.05.2024 | 13:17
Бөлісу:
Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына 3 Олимпиада, 13 әлем чемпионы келеді
10-12 мамыр аралығында Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam бәсекесі өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі. Бұл Париж Олимпиадасына ұпай берілетін соңғы Үлкен дулыға турнирі. Көптеген мықты палуан осы додада күресіп, әлем чемпионаты қарсаңында ұпай қорын молайтып алуды көздеп отыр. Бұл қатарда үш дүркін Олимпиада чемпионы, 12 дүркін әлем чемпионы Тедди Ринерді, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері Акира Соне, Рафаэль Сильва, Баул Ан, әлем чемпионы Криста Дегучи, Тсогтбаатар Цендочширді атауға болады. Барлығы Qazaqstan Barysy-на 92 елден 519 спортшы тіркелді.
Есімі белгілі қалған татами шеберлері мынадай: Джордж Фонсека (Португалия), Ван Т Енд Ноел (Нидерланд), Валид Кьяр (Франция), Тацуру Саито (Жапония), Grand Slam жеңімпаздары Достон Розиев (Өзбекстан), Элиос Манци (Италия), Барух Шмаилов (Израиль), Кубанычбек Айбекуулу (Қырғызстан).
Есіңізге сала кетсек, еліміз жарысты қабылдаушы ретінде әр салмақ дәрежесінде төрт спортшыдан шығаруға құқылы. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының төрінде өтетін әлемдік додада Қазақстан сапынан екі дүркін Олимпиада жүлдегері Елдос Сметов, Grand Slam чемпионы Мағжан Шамшадин, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, Гран-при жарыстарының жүлдегері Ғалия Тынбаева бастаған спортшылар ел намысын қорғайды.
Бұл бәсекенің нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында Әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін 1000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептелетін болады.
Байрақты дода 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарының қарсаңындағы соңғы лицензиялық Grand Slam жарысы болмақ. Ашылу салтанаты 10 мамыр сағат 16:00-де өтеді.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықЕЛДОС СМЕТОВ ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ РЕТІНДЕ АЛТЫН ЖАПСЫРМА АЛДЫ
АҚТӨБЕДЕ ДЗЮДОДАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ