14.04.2023 | 22:06

Қазақстан күрестен Азия чемпионатында 7 алтын медаль алды

Бүгін Астана қаласында күрестен ересектер арасындағы XXXVI Азия чемпионаты аяқталды. Қазақ балуандары елорда төрінде 7 алтын, 4 күміс, 9 қола медальге қол жеткізді. Оның ішінде 7 жүлде (4 алтын, 2 күміс, 1 қола) еркін күрес шеберлерінің еншісінде. Осыған дейін күрестің бұл түрінен құрлық бәсекесінің финалында 6 отандасымыз күреспеген. Бұл еркін күрестен Ұлттық құраманың сары құрлық додасындағы ең жақсы көрсеткіші.

Бүгін Дархан Есенғали (74 кг) мен Азамат Дәулетбеков (86 кг), кеше Санжар Досжанов (70 кг) пен Болат Сақаев (79 кг) алтыннан алқа тақты. Ал Ризабек Айтмұхан (92 кг) мен Юсуп Батырмурзаев (125 кг) ақтын белдесуде қарсыласының мықты екенін мойындады. Былтыр Моңғолияда финалда күрескен Рахан Қалжан (57 кг) биыл қоланы қанағат тұтты.

«Нәтижені көріп, қуанып тұрмыз. Бірақ босаңсуға болмайды. Біз бір жылдың ішінде көп жұмыс істедік. Балуандарды, бапкерлердің басын қосып, сөйлестік. Ұйымшыл болуға, жалпы нәтижені жақсыртуға тырысып келеміз. Мұнда бірнеше спортшының жақсылап күресе алмағаны болмаса, қалғандары бабында. Көбі барынша күресті, көрсеткішіне көңілім толады. Олимпиада бағдарламасына кіретін салмақтағы балуандарды әлі сынап көреміз. Жазда рейтингтік турнирлер бар. Сапалы дайындық жүргізуге жағдай істеп жатқан Мәдениет және спорт министрлігіне, федерацияға рақмет айтамыз», деді еркін күрестен Ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов.

Былтыр Ұлан-Батырдағы чемпионатта еркін күрестен Ұлттық құрама 1 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль алған.

Ал Қайрат Сағадиев жаттықтыратын әйелдер құрамасы 2 алтын, 3 қола медаль жеңіп алды. Тәжірибелі Эльмира Сыздықова (76 кг) мен Жәмилә Бақбергенова (72 кг) үздік шықты. Осы тұста Жәмилә 3 дүркін Азия чемпионы атанған тұңғыш қазақ балуаны екенін айта кету керек.

Сондай-ақ Марина Седнева (55 кг), Нилуфар Райымова (57 кг), Елена Шалыгина (68 кг) қола жүлдеге ие болды. Бұл жерде Жапония құрамасы жеке-дара топ жарды. Былтыр Моңғолия астанасында Қайрат Сағадиев шәкірттері 2 алтын, 2 қола жүлдемен жалпы есепте үздік үштікті түйіндеген.

Қалған 8 жүлде (1 алтын, 2 күміс, 5 қола) Серік Жұмашев баптайтын грек-рим күресі шеберлерінің еншісінде. Ибрагим Магомадов 72 кг дейінгі салмақта чемпион атанса, Диас Қален (82 кг) мен Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) күміс медаль алды. Ал Аманғали Бекболатов (55 кг), Мұхаммедәлі Мамырбек (63 кг), Алмат Кебіспаев (67 кг), Олжас Сырлыбай (97 кг), Әлімхан Сыздықов (130 кг) өз салмағында үздік үштікті түйіндеген.

Былтыр Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қабылдаған сары құрлық чемпионатында қазақстандықтар грек-рим күресінен 2 алтын, 5 күміс, 2 қола медальмен жалпы есепте 1-орын алған.

Астанадағы чемпионаттың жалпы есебінде Қазақстан құрамасы еркін күрестен 1-орын алды. Грек-рим күресінің өкілдері 3-сатыда. Ал әйелдер күресінен Ұлттық құрама 4-орыннан көрінді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес