10.05.2023 | 23:15

Қазақстан Ташкенттегі әлем чемпионатында 5 жүлдеге қол жеткізді

Өзбекстан астанасы Ташкентте əлем чемпионатының жартылай финалына шыққан барлық боксшы белгілі болды. Бүгін ел намысын Санжар Ташкенбай, Махмұд Сабырхан, Серік Теміржанов, Дулат Бекбауов, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай мен Қамшыбек Қоңқабаев қорғады.

Күндізгі сессияда рингке шыққан капитан Асланбек Шымбергенов (71 кг) тартысты өткен айқаста франциялық Макано Траорені жеңіп, Ұлттық құрамаға алғашқы жүлдені алып келді. Асланбек жартылай финалда үндістандық Дев Нишатпен жолығады.

Осыдан кейін «Хумо-Аренаның» төрінде əлем чемпионатында жарқын өнер көрсетіп жүрген Нұрбек Оралбай да жартылай финалға жолдама алды. Аса тартысты айқаста отандасымыз (80 кг) иорданиялық Хуссейн Эйшаишты ұтып (5-0), биыл Аммандағы Азия чемпионатында кеткен есесін қайтарды. Оның келесі қарсыласы ресейлік Имам Хатаев.

Ал кешкі сессияда Ұлттық құрамадағы ең жас, əрі ең жеңіл боксшы Санжар Ташкенбай атой салып, ересектер арасындағы əлем чемпионатында алғашқы жүлдесіне қол жеткізді. Отандасымыз (48 кг) ширек финалда жапониялық Казума Аротакиге еш мүмкіндік берген жоқ. Тіпті, алғашқы раундта нокдаунға да түсті. Санжарды келесі кезеңде ресейлік Эдмонд Худоянмен жұдырықтасады.

Ұлттық құрамадағы кезекті дарынды боксшы Махмұд Сабырхан да бəсекені жалғастырады. Алдыңғы əлем Чемпионатының күміс жүлдегері (54 кг) ширек финалында ганалық Мұхаммед Амадудың жолын кесті. Қазақ боксшысының мықты екенін барлық төреші мойындады. Отандасымыз финал жолдамасын кубалық Вието Сото Иосванимен сарапқа салады.

Ташкентте көпке беймəлім боксшының бірі Дулат Бекбауов əлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесін жеңіп алды. Мексикалық Мигель Анхель Мартинеспен жекпе-жекте төрешілер отандасымыздың қолын көтерді. Ендігі қарсыласы грузиялық Гурули Лаша.

Əлем чемпионатының 10-күні жүлдеге сынық сүйем қалғанда Серік Теміржанов (57 кг) пен Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) тоқтады.

Ташкенттегі бəсекенің жартылай финалы 12 мамырда өтеді. Ал финалдар 13-14 мамырға жоспарланған. Әлем чемпиондары Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA)  200 000 АҚШ долларынан алады. Күміс жүлдегерлерге 100 000 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 000 мың АҚШ доллары беріледі. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 5,2 млн АҚШ доллары. Байрақты бəсекені Qazaqstan және Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес