29.08.2023 | 10:08

Қазақстандықтар қол күресінен әлем чемпионатында 116 медаль жеңіп алды

Алматы қаласында қол күресінен ересектер, кадеттер, жасөспірімдер мен жастар арасында әлем чемпионаты жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Осымен 44-ші рет ұйымдастырылып отырған жарыстың алғашқы күндері кадеттер, жасөспірімдер, жастар арасында бақ сынаған отандастарымыз 58 алтын, 38 күміс, 20 қола медальді қанжығаға байлады.

Атап айтсақ, кадеттер арасында еліміз 16 алтын, 14 күміс, 7 қола жүлдені жеңді. Ал жасөспірімдер арасында 26 алтын, 9 күміс, 8 қола, сондай-ақ жастар арасында 16 алтын, 15 күміс, 5 қола медаль иеленді.

Турнирге 52 мемлекеттен 1000-нан астам спортшы қатысуда. Ел намысын 256 атлет қорғап жатыр. Байрақты бәсеке 3 қыркүйекке дейін жалғасады.

Қол күресінен жастар арасында сынға түсіп, 60 келіде әлем чемпионы атанған қазақстандық Бекжан Қожантай: «Бүгінгі бәсеке ойдағыдай өтті. Бұл мен үшін жауапты жарыс болды және онда кәсібилігім мен төзімділігімді дәлелдеуім керек болды. Намысқа тырыстым. Барлық спортшының дайындығы өте мықты екен және жақсы нәтиже көрсетті. Мені дайындаған және қолдаған жаттықтырушыларым мен мұғалімдеріме алғысым шексіз», - деп жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес