26.10.2023 | 10:03
Бөлісу:
Панкратионшылар қоржынға 7 медаль салды
Сауд Арабиясының астанасы Ар-Риядта өтіп жатқан Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында панкратионнан барлық жүлдегер анықталды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Барлық он салмақта спортшы алып келген Қазақстан құрамасы 5 күміс, 2 қола жүлдеге ие болды. Финалға шыққан Сәбит Жүсіпов (66 кг), Думан Балмұханов (92 кг), Дияр Нұрғожай (100 кг), Меруерт Ибраева (65 кг), Мереке Жүнісова (80 кг) қарсыласқа есе жіберіп, өз салмағында 2-орын алды.
Ал Жасұлан Әкімжан (71 кг) мен Самат Шағыраев (84 кг) қола медаль үшін жекпе-жекте жеңіске жетті.
Ұлттық құрама сапындағы Айкөрік Қуандықова (70 кг), Айдын Әбдібай (52 кг) мен Жұлдызай Ибраева (57 кг) жүлдеге қол жеткізе алған жоқ.
«Әуесқойлар арасында қайта өнер көрсету ыңғайсыз болып жатыр. Оның үстіне ойындарға аз уақыт қалғанда ауырып қалып, дайындық жұмысына әсерін тигізді. Қола жүлдеге ие болсам да, бұл мен көздеген нәтиже емес»,-деді Жасұлан Әкімжан Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі берген сұхбатында.
Қазір Қазақстан делегациясы жалпы есепте 11-орында тұр. Қоржында 2 алтын, 9 күміс пен 10 қола медаль бар. Көш басында 16 алтыны бар Украина құрамасы жеке-дара келе жатыр. Барлығы 80 мемлекеттің 74-і жүлдеге қол жеткізді.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: