27.11.2024 | 07:36

ШАХМАТШЫ АЛАННА БЕРІКҚЫЗЫ МЕН МАРК СМИРНОВ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТОП ЖАРДЫ

Бүгін Италияның Монтесильвано қаласында шахматтан кадеттер арасында (U8-U12) әлем чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Биылғы бәсекеде де біздің шахматшылар айрықша жеңісімен көзге түсті. Атап айтар болсақ, 10 жасқа дейінгі жас санатында Аланна Берікқызы әлем чемпионы атанды.

Еске сала кетейік, Аланна былтыр Грекияның Родос қаласында 9 жасқа дейінгі санатта классикалық шахматтан әлем чемпионы атанған. Осы жолы ол дүниежүзі бәсекесіндегі алтын санын екеуге жеткізді.

Ұлдар арасында (U12) Марк Смирнов ең көп ұпай жинап, бас жүлдеге қол жеткізді. Тағы бір отандасымыз Ханзада Аманжол 12 жасқа дейінгі санатта күміс жүлдегер атанды (қосымша көрсеткіш бойынша әлем чемпионатында екінші орынды иеленді).

Айта кетейік, Апенин түбегіндегі чемпионатқа 77 елден ойыншылар жиналды. Жалпы командалық есепте Қазақстан командасы 2 алтын, 1 күміс жүлденің арқасында 1-орын алды. Қытай шахматшылары 2-ші (2 алтын, 1 қола) сатыға тұрақтаса, үздік үштікті Үндістан 1 алтын, 1 қола медальмен түйіндеді.

Толық нәтижені мына жерден көре аласыздар.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес