07.06.2023 | 20:40
Бөлісу:
Шаңғы жарысы спортының өкілдері төрағаға есеп берді
Бүгін дирекцияда шаңғы жарысынан Мемлекеттік жаттықтырушы Александр Ткачук пен Ұлттық федерацияның вице-президенті Никита Девяткин өткен қысқы маусымды қорытындылап, есеп берді.
Жиналыс кезінде ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, орынбасары Айгүл Бектенова, Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов пен орынбасары Азамат Имашевқа Ұлттық құрамадағы қордаланған проблемалар мен ұсыныстар айтылды.
Мемлекеттік жаттықтырушы 2019 жылдан бері штаттағы шаңғышылар тек министрлік бөлген қаржының көмегімен дайындық жүргізгенін жеткізіп, жалпы нәтиже нашарлап кеткенін жасырмады. Оның ойынша, мұның басты себебі – ұйымдастыру жұмысының төмендігі.
Сонымен қатар 2014 жылдан бері Ұлттық құрамада бірнеше кеңесші-бапкер қызмет етіп, жүйелі жұмыс әдісі енгізілмеген. Сала өкілдері нақты шешім қабылдап, бірқатар заңнамаға өзгеріс енгізуге шақырды. Атап айтар болсақ, шаңғы жарысына арналған бірыңғай саралаудың [классификация] кей тұстарындағы дау тудыратын жерлер мысалға келтірілді.
Ал Никита Девяткин 2017 жылға дейін федерация жақсы жұмыс істегенін, кейінгі жылдары белгілі себептерге байланысты жұмыс тоқырап қалғанын жеткізді.
«Биыл Әлем Кубогы кезеңінде болып қатты таңғалдым. Ұлттық құрамадағы жағдай нашар болғанын жасыра алмаймын. Шаңғы жарысында медицинаның орны ерекше. Бізде әлі де медициналық-биологиялық процесс жақсы жолға қойылмаған. Спортшының жарыстан соң қайта қалпына келіп үлгеруі үшін қасында жүретін дәрігер мен массажист керек. Өкінішке қарай, былтыр халықаралық жарыстар кезінде мұндай мамандар құрамамен тұрақты жүре алған жоқ», деді Қазақстан шаңғы жарысы Ұлттық федерациясының вице-президенті.
Комитет төрағасы қазіргі жағдайда жұмыс істеуге құлықты орта қалыптастырмай, алға жылжудың мүмкін емесінін атап айтты.
«Мұнда осы спорттың жай-күйіне жаны ашитын адамдардың барын көріп отырмын. Десе де бізге қазір нақты, әділетті шешім қабылдау қиындау. Маңыздысы, бізге Ұлттық құрамаға қатысы бар адамның бәрін біріктіріп, жұдырықтай жұмылатын орта қалыптастыратын маман қажет. Қазір осыны назарға алайық. Осыған дейін бірнеше кеңесші болғанын айттыңыз. Иә, арасында Олимпиада чемпионын шығарғандары да болды. Бірақ олардың ешқайсы құраманы толық біріктіре алмаған»,-деді Ербол Мырзабосынов.
Жиын соңында төраға бүгінгі көтерілген сұрақтарды талқылау әлі жалғасатынын айтты.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: