17.10.2024 | 18:03

КҮРЕСТЕН ТИРАНАДАҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ҚАНША ТӨРЕШІМІЗ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ?

Албания астанасы Тиранада өтетін күрестен әлем чемпионаттарында жұмыс істейтін төрешілер белгілі болды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Бұл қатарда еліміздің 4 азаматы бар. Халықаралық дәрежедегі төреші (1S) Берік Шалабаев 23 жасқа дейінгі палуандар арасында жұмыс істемек. Ал Ерік Жұмабеков пен Игорь Лигай (екеуі Париж Олимпиадасында төрешілік еткен) сондай-ақ Манарбек Буденов Олимпиада бағдарламасына кірмейтін салмақтардағы белдесулерге қазылық етеді.

Ерік Жұмабеков 1973 жылы 23 ақпанда қазіргі Абай облысында дүниеге келген. «Халықаралық төреші» категориясын 2009 жылы алған. Оған дейін 10 жылдай тек Қазақстан ішіндегі жарыстарда жұмыс істеген.

Игорь Лигай 1985 жылы 7 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы Сарыағаш қаласында дүниеге келген. Оның еншісінде Токио және Париж қаласында өткен жазғы ойындар бар.

 

 

Берік Шалабаев Ақтөбе облысының Алға қаласында 1983 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. Қазір еркін күрестен жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

«Былтыр дәл осы Тиранада өткен 23 жасқа дейінгі санаттағы әлем чемпионатында жұмыс істегенмін. Биыл тағы шақырту алдым. Осымен төртінші мәрте түрлі жас санатындағы әлем чемпионатында төреші болайын деп тұрмын. Осыған дейінгі ірі жарысымның бірі – 2018 жылы Будапеште өткен оқушылар ойындары»,-деп айтты Берік Шалабаев Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, қазір елімізде 50-ден астам халықаралық дәрежедегі төреші тіркелген. Олардың ішінде, Ерік Жұмабеков – 1S, Манарбек Буденов – 1S, Игорь Лигай – 1S,  Берік Шалабаев – 1S санатын алған. Тағы 8 төрешіде І категория, 6 төрешіде ІІ категория, қалға UWW ндарында ІІІ категория.

Ескере кетерлігі, 1S Халықаралық күрес федерациясының (UWW) төрешілерге беретін ең жоғарғы санаты. Мұндай деңгейдегі мамандар әлем чемпионаты және Олимпиадада жұмыс істей алады.

«UWW жыл сайын 1S категориясын беру үшін бізді ересектер арасындағы Азия чемпионатына (автор – құрлық чемпионатына) және өзі таңдаған 3 жарыстың біріне қойып тексеріп отырады. Егер жұмысымыз талапқа сай келсе, 1S санаты өзімізде қалады»,-деп тарқатып айтты Ерік Жұмабеков сұхбатында.

Еске сала кетейік, Тиранадағы әлем чемпионаты 21-31 қазан аралығында өтеді.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес