15.07.2022 | invalid
Бөлісу:
Спартакиада: бүгін 3 спорт түрінен жеңімпаздар белгілі болды
Петропавл қаласында жергілікті атқарушы органдағы мемлекеттік қызметкерлер арасында республикалық Спартакиада өтіп жатыр. Бүгін 3 спорт түрінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлер бәсекесіндегі осы және өзге де нәтижелерге қысқа шолу жасамақпыз.
ҚАЗАҚ КҮРЕСІ
Бүгін қазақ күресінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. 74 келіге дейінгі салмақта атыраулық Бекбол Әбуов чемпион болды. Жетісу облысының намысын қорғаған Арман Тайбағаров күміс алса, Ердос Амантай (Қарағанды облысы) мен Абзал Мұсабай (Алматы облысы) қола жүлдеге қол жеткізді.
Екінші, 90 келіге дейінгі салмақта елордадан келген Олжас Исаханов барлық белдесуде қарсыласын ұтты. Іргелес Ақмола облысының балуаны Игілік Успанов күміс медаль бұйырды. Тұғыр биігінің 3-сатысына Нұрсұлтан Шәмшиев (Алматы облысы) пен Самат Копчикбаев (Жетісу облысы) көтерілді.
Аса ауыр салмақта (+90 кг) Жетісу облысы ауданы, Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Ермек Досалбаев топ жарды. Атыраулық Қуанышбек Қазыбеков екінші орынды місе тұтса, Ержан Тұрғанбаев (Маңғыстау облысы) пен Ұлыбек Мағауин (Ақтөбе облысы) 3-сатыдан көрінді. Жалпы командалық есепте Жетісу облысы 1-ші, Атырау облысы 2-ші орын алды.
Осы тұста СҚО, Тимирязев ауданындағы Целинное ауылдық округінің әкімі, 56 жастағы балуан Айдар Қалижановты ерекше атап өтуге болады. Ардагерлер арасында самбо мен қазақ күресінен ел чемпионы атанған спортшы қола медаль үшін күрескенімен, Ержан Тұрғанбаевқа есе жіберді.
ҮСТЕЛ ТЕННИСІ
Үстел теннисінен ерлер арасында Ақмола облысы, Астрахан ауданы, Есіл ауылды округінің әкімі Евгений Овчинников жеңімпаз атанды. Күміс медаль Қостанай облысынан келген Алмат Ғапбасовқа, қола Нұрболат Садырбаевқа (БҚО) бұйырды. Ал әйелдер арасында осы спортпен ұзақ жылдан бері тұрақты шұғылданып келе жатқан жамбылдық Айгүл Нұрпейісова оза шапса, Қарлығаш Байысова екінші (Павлодар облысы), Жанна Ищанова (Қостанай) 3-орын алды. Жалпы командалық есепте Қостанай облысының қызметкерлері жеңсе, одан кейін Павлодар мен Ақтөбе облыстары тұрақтады.
ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ
Тағы бір ұлттық спорт түрі тоғызқұмалақтан тартыс қыза түсті. Бүгін өткен 2 турдан кейін Түркістан, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысы 8 ұпаймен көш бастап келеді. Ал одан кейін 7 ұпаймен Ақтөбе, БҚО, Атырау мен Жамбылдан келген интелектуалдар із қуып келе жатыр. Жеңімпаз бен жүлдегерлер ертеңге 2 ойын, яғни 2 турдан кейін белгілі болмақ.
БИЛЬЯРД
Сонымен қатар бүгін тас таяқ бәсекесі де мәресіне жетті. Үш күнге созылған, 14 облыстың командасы қатысқан сында түркістандық мемлекеттік қызметкерлер жеңімпаз атанды. Шымкент қаласының командасы финалда ұтылса, Ақтөбе үшінші орын үшін болған ойында Петропавлдан басым түсті.
Айта кетейік, Спартакиадаға жиналған мемлекеттік қызметкерлер бильярдтың құрамдастырылған пирамида түрінен шеберлік байқасты. 14 команда екі-екіден 7 топқа бөлінді. Кейін жеңіске жеткендері 2-күні плей-офф арқылы жарыс көркін қыздырды. Ереже бойынша әр командада 3 ойыншы ойнаса, тағы бір ойыншы резервте болды. Комбинациялық пирамида түрінен сарапқа салды.
Ал волейболдан ертең Павлодар мен Түркістан облысы финалда жеңімпазды анықтаса, Жетісу облысы мен БҚО қола жүлдені сарапқа салады. Бұдан бөлек Алматы мен Ақтөбе облысы 5-6, Қарағанды мен Жамбыл 7-8 орын үшін ойнайды.
Сондай-ақ ертең шағын футболдан үздік шыққан облыс пен жүлдегерлер анықталады.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:
Таңдаулы жаңалықтар
Барлық жаңалықCHAMPIONDAR LIGALARY: 2-КҮННІҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ
ULY DALA JARYSY-2024 ЖАРЫСЫ ӨТТІ
ӘДІЛЕТ ҚАЛМАҒАМБЕТОВ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН 3 ДҮРКІН ЧЕМПИОН АТАНДЫ