14.07.2022 | invalid

Спартакиаданың 1-күні алғашқы жеңімпаздар анықталды

Петропавл қаласында жергілікті атқарушы органдағы мемлекеттік қызметкерлер арасында республикалық Спартакиада өтіп жатыр. Бүгін барлық 7 спорт түрі – шағын футбол, волейбол, қазақ күресі, үстел теннисі, суда жүзу, тоғызқұмалақ пен бильярдтан алғашқы жарыстар өтті. Назарларыңызға әр спорт түрінен шағын шолу ұсынамыз.

Суда жүзу

50 метрге брасс әдісімен жүзуде ерлер арасында Бағжан Әділбек (Жамбыл облысы) жеңіске жетті. Қостанайлық Ерлан Латыпов күміс, ақтөбелік Айдын Өтемұратов қола жүлдегер атанды. Ал әйелдер арасында қарағандылық Римма Каримоваға тең келер мемлекеттік қызметкер табылмады. Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Наталья Польянова екінші, атыраулық Гүлмира Қазбаева үшінші орын алды.

Еркін стильде 50 метрге жүзуде Наргиз Супалдиярова (Атырау облысы) алтын алса, Әсел Сейфулина екінші (Ақмола облысы), Салтанат Алтынбаева (Шымкент қаласы) үшінші орыннан көрінді. Ерлер арасында Ғалымжан Ахметов (Ақмола облысы) топ жарса, Айрат Қарамурзин (Қарағанды облысы) күміс, Асқар Ақбасов (Нұр-Сұлтан қаласы) қола медаль алды.

Шалқалай жүзуде (50 метр) ақмолалық Роза Құлбаева мәреге бірінші келсе, Гүлжанар Бақтиярова (Ақтөбе облысы) мен Райгүл Мендекеева (СҚО) кейінгі орында қалды. Ерлерден Арданат Қаратай жеңіске жетті (БҚО). Күміс жүлде Нұрлан Сердалинге (Ақмола облысы), қола медаль Серік Нуркоға (Павлодар облысы) бұйырды. Жалпы есепте Атырау облысы ешкімге дес бермесе (99 ұпай), Қарағанды облысы (95 ұпай) екінші, СҚО (93 ұпай) үшінші болды.

Шағын футбол

Өз тобында Алматы облысы (А тобы), Нұр-Сұлтан қаласы (В тобы), Батыс Қазақстан облысы (С тобы), Қостанай облысы (Д тобы) бүгін болған екі матчта да жеңіске жетіп, көш бастап тұр. Ертең аяқдоп шеберлері үшін маңызды ойындар өтеді. Арыгүні жүлдегерлер анықталмақ!

Тоғызқұмалақ

Ұлттық спорт түрінен бәсеке соңғы сәтке дейін сақталатын секілді. Себебі, 2 турдан кейін Атырау мен Түркістан облысы алда тұрғанымен, ізін қуып келе жатқан командалар көп. Мәселен, ертең Павлодар, СҚО, БҚО, Жетісу, Ақтөбе мен Алматы облысынан келген мемлекеттік қызметкерлер суырып шығуы әбден мүмкін. Айта кетейік, тоғызқұмалақтан жекелей және командалық есептегі жеңімпаз швейцар жүйесі бойынша анықталады. Яғни, 6 турдан кейін бәрі белгілі болады.

Қазақ күресі

Бозкілем шеберлері бәсекесі 3 салмақта өзара күш сынасып жатыр. Бүгін финалға шыққан барлық балуан белгілі болды. Алты спортшы да әр өңірден екенін айта кетейік.

Үстел теннисі

Айта кетейік, әр командада бір әйел және бір еркек ойыншы ойнап жатыр. Ерлер мен әйелдерден 16 спортшының арасынан үздік 8 мықтыдан анықталды. Енді осы үстел теннисінің өкілдері ертең жүлделі орындарды сарапқа салады. Қалған сегіздік үздік ондықты түйіндеуге тырысады. СҚО, БҚО, Қостанай, Ақтөбе облысының екі спортшысы да үздік 8-дікке кірді. Ал қалған өңірде мұндай тұрақтылық байқалмайды.

Сондай-ақ волейбол мен бильярдтан да қызу тартыс жүріп жатыр. Бұл 2 спорт түрінен жеңімпаздар соңғы күні белгілі болмақ.

Жалпы Петропавлға 16 өңірден 700-ге жуық мемлекеттік қызметкер жиналды. Айта кетейік, командалар әр спорт түрі бойынша ұпайға ие болады. Ал Спартакиада соңында барлық ұпай қосылып, жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталады. Жалпы есепте топ жарған өңір мен 2-ші және 3-ші орын иегерлеріне Кубок пен грамота табысталады.

Бұл Спартакиаданың мақсаты – өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, оларды спортқа тарту, спорттың бұқаралық сипат алуына жағдай жасау. Ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті.

Естеріңізге сала кетейік, жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің Спартакиадасы 17 шілдеде аяқталады.

Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз:

Олимпиадалық Олимпиадалық емес