16.08.2024 | 18:07
Бөлісу:
СПОРТ КҮНІНЕ ОРАЙ САЛА ӨКІЛДЕРІ МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ
Бүгін Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде еліміздің «Спорт күні» мерекесіне орай Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚР ТСМ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Мерекелі жиында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев сала қызметкерлері мен жаттықтырушыларға, спорт ұйымдары өкілдеріне «Еңбек ардагері» медалін, «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін, «Құрмет» грамотасы мен «Алғыс хат» табыстады. Бұл қатарда Спортты дамыту дирекциясынан Инспекторлық-аналитикалық бөлімінің әдіскері Мейрам Нұртазин бар.
«Ең алдымен Сіздерді кәсіби мереке – Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын! Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын бірегей сала. Сергектік пен мықты рухқа ие болудың кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорт пен дене шынықтыру саласының дамуын үнемі басты назарға қойып келеді. Ел спортының ертеңін еңселі ету, ойы сергек, бойы шымыр ұрпақ тәрбиелеу – басты міндетіміз. Бүгінде біздің спортшылар әлемдік деңгейдегі бәсекелерде ел мәртебесін асқақтатып келеді. Бұл жетістіктер – спорт саласына еңбек сіңірген аға буынның, жаттықтырушылар мен мамандардың, спортшылардың ерен еңбегінің жемісі», – деді Туризм және спорт министрі.
Іс-шара аяғында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Маржан Арапбаева ән шырқады. Айта кетейік, ертең таңертең мерекеге орай Астана қаласындағы триатлон саябағында бұқаралық іс-шара өтеді.
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Жаңалықтардан қапы қалмау үшін бізге жазылыңыз: